Басты бет / Жаңалықтар /
Норвегия, Эрлинг Холанд
Фото: Жасанды интеллект

Эрлинг Холандтың Отаны туралы не білеміз? Норвегия жайлы 10 қызық дерек

Әлем чемпионатында ойынымен ғана емес, ерекше мінезі мен эмоциясымен де жанкүйерлердің ықыласына бөленген Эрлинг Холандтың Отаны туралы не білеміз? Көпшілік Норвегияны фьордтар елі немесе Солтүстік шұғыласымен байланыстырады. Алайда бұл елдің таңғалдырар қырлары әлдеқайда көп. Baribar.kz Норвегия туралы көпшілік біле бермейтін қызық деректерге шолу жасады.

Норвегияда «ақырзаман қоймасы» бар

Норвегияның Шпицберген (Свальбард) архипелагында әлемдегі ең маңызды нысандардың бірі орналасқан. Ол – Дүниежүзілік тұқым қоры (Svalbard Global Seed Vault).

Мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған ауыл шаруашылығы дақылдарының 1,4 миллионнан астам тұқым үлгісі сақталған. Соғыс, табиғи апат немесе климаттың өзгеруі салдарынан қандай да бір елдегі тұқым қоры жойылып кетсе, оны осы жерден қайта қалпына келтіруге болады.

Дүниежүзілік тұқым қоры
Фото: Wikipedia.org

Кейбір өңірлерде күн бірнеше ай бойы батпайды

Норвегияның солтүстік өңірлерінде жазда тәулік бойы күн батпайтын мезгіл болады. Ал қыста, керісінше, бірнеше апта немесе ай бойы күн көкжиектен көтерілмейді. Бұл құбылыс поляр күні мен поляр түні деп аталады.

Норвегия
Фото:Linstantnordique.com

Таудағы бұрынғы көмір шахтасында адамзаттың цифрлық мұрасы сақталған

Бұл Норвегияның Шпицберген архипелагындағы адамзаттың аса құнды цифрлық жады, тарихи құжаттары мен мәдени мұраларын ғасырлар бойы сақтайтын Арктикалық әлемдік мұрағаты (Arctic World Archive) қауіпсіз қоймасы. Мақсаты – әлемдегі апаттар немесе жаһандық мәселелер болған жағдайда адамзат тарихын, тілдерді, өнер туындыларын және технология құжаттарын сақтап қалу.

Норвегия
Фото: Arcticworldarchive.org

Теңіз астындағы ең ұзын автомобиль тоннельдерінің бірі осы елде

Норвегияның таулы және фьордты жер бедеріне байланысты онда мыңнан астам тоннель салынған. Солардың бірі – Ryfast жүйесі. Оның құрамындағы Ryfylke туннелі теңіз түбімен өтетін әлемдегі ең ұзын әрі ең терең автомобиль тоннельдерінің бірі.

Норвегия
Фото: Aftenbladet.no

Норвегияда түрме камералары жатақханаға ұқсайды

Кейбір норвег түрмелерінде жеке бөлме, теледидар, оқу және спорт залдары бар. Мұндағы мақсат – адамды тек жазалау емес, оны қоғамға қайта бейімдеу.

Норвегия
Фото: Wikipedia.org

Елдің жағалау сызығы Жерді бірнеше рет айналып шығатындай ұзын

Норвегияның жағалау сызығының ұзындығы шамамен 83 000 шақырым. Оған фьордтар мен аралдарды түгел қосып есептесек, бұл көрсеткіш 100 000 шақырымнан асады. Жердің экватордағы шеңбері шамамен (40.075) шақырымға тең. Демек, Норвегия жағалауын бір түзу сызыққа тізсек, ол Жер шарын экватор бойымен 2 еседен астам айналып шыға алады.

Норвегия
Фото: Wikipedia.org

Табиғатта түнеу заңда қорғалған

Allemannsretten («әркімнің табиғатқа құқығы бар» немесе «еркін жүріп-тұру құқығы») — кез келген адамға табиғат аясында еркін жүріп-тұруға, тынығуға және табиғат сыйлықтарын пайдалануға кепілдік беретін Норвегия заңында қорғалған ежелгі дәстүрі. Құқық тек игерілмеген табиғи аймақтарға (ормандар, таулар, жағалаулар) қолданылады. Егістіктерге, жеке аулаларға және тұрғын үйлерге кіруге тыйым салынады.

Кез келген адам табиғат аясында шатыр тігіп немесе түнеп шыға алады. Басты ереже: ең жақын тұрғын үйге немесе саяжайға дейінгі аралық кемінде 150 метр болуға тиіс. Рұқсатсыз бір орында 2 күннен артық тұруға болмайды.

Норвегия
Фото: Celebritycruises.com

Норвегия – әлемдегі ең бақытты әрі ең дамыған елдердің бірі

Ел жоғары табысымен ғана емес, адамдардың мемлекетке сенімі, қауіпсіздігі, экологиясы, білім беру және денсаулық сақтау жүйесінің сапасымен ерекшеленеді. Сондықтан халықаралық рейтиңте Норвегия жыл сайын алдыңғы орындардың қатарында болады.

Норвегия
Фото: Oslofjordguide.com

Нобель бейбітшілік сыйлығы осы елде табысталады

Нобель бейбітшілік сыйлығы жыл сайын Альфред Нобельдің өсиетіне сәйкес Норвегия астанасы Осло қаласында (басқа Нобель сыйлықтары Стокгольмде тапсырылады) марапатталады. Ол халықтар арасындағы бауырластықты нығайтуға, қарусыздануға және бейбітшілік конференцияларын өткізуге ең көп үлес қосқан тұлғалар мен ұйымдарға беріледі.

Сыйлық иегерлерін Швеция емес, Норвегия Парламенті тағайындайтын 5 адамнан тұратын Норвегия Нобель комитеті анықтайды.

Норвегия
Фото: Urlaubsguru.at

Норвегия армиясының құрметті пингвині бар

Sir Nils Olav – Шотландиядағы Эдинбург хайуанаттар бағында тұратын патша пингвині. Ол Норвегия Король гвардиясының ресми талисманы әрі құрметті әскери шен иесі ретінде белгілі. Құрметті полковник және Норвегия Король гвардиясының маскоты. 2023 жылғы жағдай бойынша Норвегия армиясының генерал-майоры атағына ие болған (бұл тарихтағы алғашқы пингвин).

Норвегия,пингвин
Фото: Edintattoo.co.uk

Мақала туралы ойыңыз?

Telegram-каналға жазылыңыз

Telegram