WECON-2019. Кәсіпкер әйелдерді қолдау шарасының жаңа маусымы басталды

Еуропалық қайта құру және даму банкі Қазақстанның Ұлттық экономика министрлігінің қолдауымен шағын және орта бизнесті басқаратын кәсіпкер әйелдерге арналған WECON — Women Entrepreneurship Conference конференциясының екінші маусымын өткізеді. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.

WECON конференциясы — Қазақстандағы кәсіпкер әйелдерді қолдауға бағытталған іс-шаралардың инновациялық форматы. Жаңа маусымда шара 7 қалада өтеді: Ақтау, Петропавл, Павлодар, Тараз, Көкшетау, Талдықорған және Қызылорда.

Бизнестегі әйелдер үшін ЕҚҚДБ 92 миллион долларға эквивалентті сомада жергілікті валютамен қаржыландыру механизмдерін ұсынды және 64,6 миллион долларға тең сомада бес несие желісін бөлді.

2018 жылы 2,7 миллион доллардан асатын сома игеріліп, «Бизнестегі әйелдер» бағдарламасы бойынша көрсетілетін қаржылық емес қызметтерге бөлінді, оның ішіне кеңес беру, бизнес-тренинг, менторинг және нарықты дамыту жөніндегі шаралар кірді.  WECON конференциясы тәжірибе алмасу мен бизнесті нығайтуға және дамытуға көмектесетін инструменттер жөнінде пайдалы ақпарат алу үшін қолға алынды.

WECON конференциясына қатысушыларға жергілікті кәсіпкер әйелдердің бизнестегі жетістіктерімен танысуға, бизнес-тренинг кезінде Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдерінен кеңес алуға, сонымен бірге тимбилдинг және нетворкинг сессиялары кезінде өзгелермен байланыс алмасуға жағдай жасалады.

Конференцияға қатысу тегін. Шақыру қағазын алу үшін WECON конференциясының ресми сайтында (Wecon.kz) өтініш қалдыру керек.

Конференция кестесі:

1 наурыз — Ақтау 26 сәуір — Көкшетау
15 наурыз — Петропавл 17 мамыр — Талдықорған
29 наурыз — Павлодар 31 мамыр – Қызылорда
12 сәуір — Тараз

 

«Бизнестегі әйелдер» бағдарламасы Қазақстанда 2015 жылдан бері жұмыс істейді және ЕҚҚДБ мен ҚР Үкіметімен қаржыландырылады. Бағдарламаның негізгі мақсаты әйелдер басқаратын кәсіпорындарға қолғабыс жасау арқылы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту.