Қостанай облысында құтқарушылар мен еріктілер Тобыл өзенінде суға кеткен ата мен немерені іздестіріп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам ағысқа түсіп кеткен немересін құтқармақ болған.
Қостанай облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 14 маусым күні Алтын дала ауылының маңындағы Тобыл өзені бойында болған. Шомылуға тыйым салынған аумақта екі адам суға кеткен. Олардың бірі – 2020 жылы туған бала.
Алдын ала деректерге сәйкес, отбасы өзен жағасында демалып жүрген кезде бала су жиегінде ойнап жүріп, ағысы қатты жерге түсіп кеткен. Мұны байқаған атасы немересін құтқару үшін суға секірген. Алайда қатты ағыс екеуін де алып кеткен. Оқиға орнына құтқарушылар, полиция қызметкерлері, жедел жәрдем бригадасы және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жедел жеткен. Іздеу-құтқару жұмыстарына шамамен 40 маман, 13 техника, екі жүзу құралы және бір ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылған. Сонымен қатар үш сүңгуірлер тобы жұмыс істеп жатыр, — делінген хабарламада.
Құтқарушылардың мәліметінше, іздеу басталғалы бері су айдынының 32 мың шаршы метр аумағы зерттелген. Өзен маңы дрон арқылы да тексеріліп жатыр.
Қостанай облыстық ТЖД өкілдері іздеу жұмыстарына қатысып жүрген азаматтарды қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
Қайықта немесе су айдындарының маңында болған кезде міндетті түрде құтқару кеудешесін кию қажет. Өз қауіпсіздігіңізге жауапкершілікпен қараңыз, – деп ескертті ведомство.
Сонымен қатар іздеу жұмыстарына еріктілер де тартылған. «ДОС» жедел іздестіру жасағы барлық бейжай қарамайтын азаматтарды көмек көрсетуге шақырып отыр.
Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
