Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Тоқаев министрге Қазақстанның қорғаныс қабілетін күшейтуді тапсырды

Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қабылдап, қарулы күштердің жауынгерлік даярлығы, цифрландыру және елдің қорғаныс қабілетін нығайту бағытындағы жұмыстар туралы есепті тыңдады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Ақорданың мәліметінше, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қорғаныс министрлігінің жыл басынан бергі қызметінің нәтижелері, әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау және әскери қызметтің беделін арттыру бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде баяндалды.

Дәурен Қосанов қарулы күштердің жауынгерлік даярлығы, цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар, сонымен қатар ведомствоның автоматтандырылған басқару жүйелері мен цифрлық инфрақұрылымын дамыту барысы туралы ақпарат берді.

Кездесу барысында министр әскери басқару органдары арасындағы өзара байланысты жетілдіруге және әскердің жауынгерлік әлеуетін арттыруға бағытталған Батыл тойтарыс – 2026 оқу-жаттығуларына дайындық жайын да баяндады.

Сонымен қатар Голан жоталарындағы екінші ұлттық контингенттің миссиясы сәтті аяқталғаны және үшінші контингенттің ротациясы басталғаны айтылды. Министрдің сөзіне қарағанда, қазақстандық әскери қызметшілердің халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі жоғары бағаланған.

Кездесуде әскерге шақыру науқаны, әскери қызметшілердің мәртебесін көтеру, сонымен бірге жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу мәселелері де қаралды. Осы ретте 21-27 маусым аралығында Бурабайда өтетін Айбын – 2026 жиынына дайындық жұмыстарына ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысында президент қарулы күштердің жауынгерлік даярлық жүйесін жетілдіру, армияны цифрлық трансформациялау және мемлекеттің қорғаныс қабілетін одан әрі нығайту жөнінде бірқатар нақты міндет жүктеді.

Мақалаға реакция