Айдардың алғашқы кейіпкері Айсұлу бір кездері түрмеде отырған танысы туралы айтқысы келеді. Оқиға шамамен 10 жыл бұрын болған. Өзінің өтінішімен кейіпкеріміздің есімі өзгертілді.

Кейіпкеріміздің хикаясы

2008-2009 жылдары маған Бағлан есімді жігіт телефон соқты. Өзінің айтуынша, досының нөмірін қате теріп, кездейсоқ маған түскен. Дауысымды естіп, “танысайық” деді. Дауысы жағымды, сөзі түзу болған соң бірден танысып, сөйлесе бердім. Жақынырақ танысып, бір-біріміз туралы сұрай бастадық. Мен ол кезде дүкенде сатушы болып жұмыс істеймін. Күндіз де, түнде де, әйтеуір қол босай қалған кезде бір-бірімізге хабарласып, сөйлесіп жүрдік. Екеуіміз сырлас дос болып кеттік. Ол маған Семейде түрмеде отырғанын айтты. Қандай себеппен сотталғаны нақты есімде жоқ, бірақ “маған жала жабылды” деді ол. Әңгімесіне қарап, жақсы қызметте істеген деп ойладым.

Әлі күнге дейін оның туған күні есімде, 1978 жылы 26 мамырда дүниеге келген. Сол кезде суретін жіберді. Төбе шашы сирек, қараторы жігіт екен. Ойына, мәдениеті мен сыпайылығына қарап мен одан мүлдем қорықпадым. Қатты суық деп, Семейдің ауа райын ұнатпайтын. Түрменің күнделікті өмірін, қиындығын айтып беретін. Бас бостандығынан айыру адамды қажытып, ерік-жігерін жоя түседі екен дейтін. Қапас сияқты бөлмеде жатып неше түрлі нәрсені ойлаймын, өткенімді еске аламын, болашағымды болжаймын деп айтып отыратын.

Бағланға риза болғаным – ешқашан өмірден түңіліп, жаман нәрсе айтпайтын. Темір торда отырса да, көп нәрсені армандап, мақсат қойып, алға ұмтылатын. Нақты даталар есімде қалмапты, ол шамамен 5-8 жыл жазасын өтейтін болуы керек. Түрмеден шыққан соң жұмыс істеймін, жер сатып алып, үй саламын, үйленемін дейтін. Әйелім ең бақытты жан болады, ол үйде ошағымның отын сөндірмей отырса, мен оның бар жағдайын жасаймын, күшті өмір сүруге әрекеттенемін дейтін. Ол менің есімде арманшыл, позитив адам ретінде қалды. Адам қатты қиналғанда бостандықтағы өмірін аңсап, еріксіз алға ұмтылатын шығар, бәлкім. Бағланның ерік-жігері мені таңғалдыратын. Сол жылдары Қазақстанда болып жатқан оқиғалардың бәрінен хабардар болатын, көп оқитын. Дегенмен ол тым ашық жігіт емес, әңгімесін реті келгенде ғана айтатын.

түрме
Иллюстрация: Dribbble.com ©DOWNSIGN

Телефонмен ұзақ сөйлесіп жүріп, мінезімді ұнататынын айтты. “Бостандыққа шыққанда мені күтіп аласың ба? Екеуіміз кездесіп, бір-бірімізді көрейік, жүзбе-жүз тілдесейік” деді. Бірақ бір күні әңгімелесіп отырып, оған байқаусызда көңіліне тиетін сөз айтып қалдым. Не айтқаным есімде жоқ, ол маған қатты ренжіді. Ренішін білдірді де, телефонды тастай салды. Артынша ренжітіп қойғаныма өкініп, хабарластым. Мен қанша қоңырау шалсам да, ол жауап бермей қойды. Сол күнгі әңгімеден кейін мен онымен сөйлеспедім. Біраз уақыт сол жігітті ойлап, ренжіткеніме өзімді кінәлап, қиналып жүрдім. Онсыз да темір торда отырған адамның жігерін жасыттым ба деп өкіндім.

Қазір өзімнің отбасым бар, Құдайға шүкір, бақыттымын. Кейде сол Бағлан есімді жігіт есіме түсіп кетеді, өмірде қандай екен деп бір көргім келеді. Оның тағдыры не болды екен, түрмеден шығып, маған айтып жүретін армандарына жетті ме екен? Жүректегі жалыны, болашаққа сенімі мол жігіт үй салып, отбасын құрып, бақытты өмір сүріп жатқан болар деп сенемін. Тек сол кезде оны ренжітіп алғаным көңілімде қалып қойды. Мүмкін мен оның есінде жоқ шығармын. Егер ол осы жолдарды оқып отырған болса, баяғы, телефонның ар жағындағы сол қызға ренжімесін, армандарына жетіп, бақытты болсын дегім келеді.

қыз ойлану
Иллюстрация: Dribbble.com ©K A M A R D A V I D

Өмірде әртүрлі жағдай болады. Тағдырдың бұралаң жолында неше алуан адамды кездестіреміз. Менің өмір жолымда Бағлан есімді арманшыл жігіт ерекше із қалдырды. Оның көп сөзі маған ақыл болды.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!