Басты бетЖаңалықтарСенаторлар көпбалалы...

Сенаторлар көпбалалы отбасылар үшін арнайы бағдарлама қабылдауды ұсынды

Сенаттың бір топ депутаты көпбалалы аналар мен мүгедектерді қолдауға бағытталған арнайы кешенді әлеуметтік бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Олар Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады.

Сенатор Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, Үкімет «Алтын алқасы», «Күміс алқасы» бар аналардың, асыраушысы жоқ (ажырасқан, жесір, тағы басқа) аналардың, мүгедек әйелдердің, мүгедек баласы бар аналардың әлеуметтік-тұрмыстық әл-ауқатын көтеру үшін әрбір балаға кәмелет жасына жеткенше ең төменгі жалақының 50%-ы көлемінде жәрдемақы төлеу мүмкіндігін қарастыруы қажет.

Екіншіден, көптеген дамыған елде бар көпбалалы отбасын қолдау және жәрдемдесу мақсатында «Үлкен отбасы» арнайы мемлекеттік бағдарламасы қабылдануы тиіс, — деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау барысында отбасындағы зейнеткерге, мүгедекке, студентке төленетін әлеуметтік көмекті, бір жасқа дейінгі және мүгедек балалар күтімі үшін төленетін жәрдемақыны табыс көзі ретінде есепке алмау керек.

Көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасылардың көбі Үкіметтің тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған сан алуан бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі жоқ болуына байланысты өте қолайсыз, тар, жалдамалы орындар мен пәтерлерде тұруға мәжбүр. Сондықтан да олардың үй кезегін бөлек тіркеу шараларын және  еліміздің барлық қаласы мен аудан орталықтарында олар үшін барынша қолжетімді, алдын ала жарнапұл төлемей жалға берілетін тұрғын үй беру мәселесін шешуге бағытталған жүйелі іс-шаралар қабылдануы тиіс, — деді сенатор.

Ол көпбалалы аналар мен мүгедектерді және өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарды қолдауға бағытталған арнайы кешенді әлеуметтік бағдарлама әзірлеуді де ұсынды.

ДереккөзInform.kz