Қазіргі уақытта бала күтіміне байланысты көмек беру жасы мен көпбалалыларға арналған төлем көлемін ұлғайту мәселелері талқыланып жатыр. Бұл туралы Қаржы министрі Әлихан Смайылов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Журналистер министрге қоғам белсенділерінің көпбалалы аналардың әр баласына берілетін жәрдемақы көлемін 20 мың теңгеге дейін ұлғайту жөніндегі ұсынысы туралы айтты.
Қазір бұл мәселелерді жұмыс тобы қарастырып жатыр. Біріншіден, ол — бала күтіміне байланысты көмекті баланың бір жасына дейін емес, одан асқанда да төлеу туралы және екіншісі — төлемнің көлемін ұлғайту. Тиісті ұсынысты енгіземіз. Мұны істеу мүмкін, қазір сонымен айналысып жатырмыз, — деді Әлихан Смайылов.
Министр көпбалалы аналарға әр бала үшін берілетін әлеуметтік көмек көлемі нақты қаншаға ұлғаятынын әзірше айта алмады.
Бұл әлі талқыланып жатыр. Қазір белгілі бір цифрды айту орынсыз болар еді, себебі ертең цифр басқаша болуы мүмкін, — деді ол.
Айта кетейік, 6 ақпан күні елімізде көпбалалы аналар билікке талап қойған еді. Олар әр балаға 18 жасқа жеткенше төленетін ай сайынғы жәрдемақы көлемін 20 мың теңгеге дейін көбейтуді және босанған аналарға баласы үш жасқа жеткенше әлеуметтік көмек көрсетуді өтінді.
Бұған дейін Астанадағы балалар үйінің бұрынғы директоры Динара Зәкиева көпбалалы аналарды қолдауда патронат ата-аналармен жұмыс тәжірибесін қолдануды, яғни отбасыларға әр баласы үшін 10-20 АЕК көлемінде — 25 мың теңгеден 20 мың теңгеге дейін жәрдемақы төлеуді ұсынды. Оның айтуынша, бұл сома бес-алты баласы бар әйелдер үшін жұмыс істеп табатын жалақымен тең.