Қазақстан Республикасының «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңының 25-бабының 11-тармағына сәйкес дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар тізбесін Үкімет бекіткен қызмет түрлерін жүзеге асырған кезде өз қызметін жүзеге асыру орындарында осы заңда және ҚР Ұлттық банкінің нормативтік-құқықтық актісінде айқындалған негіздер бойынша және тәртіппен төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдер қабылдауды қамтамасыз етуге міндетті. Мұндай талап осы заңның 39-бабында да айтылған.

Ұлттық банктің бұл жауабын «Ваш личный юрист» Telegram-каналының авторы, заңгер Әділет Шуақбаев та қостап, заңды тұлғалардың карта арқылы төлем қабылдауға міндетті екенін айтты. «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» 2016 жылғы 26 шілдедегі Қазақстан Республикасы заңының 39-бабы 4-тармағына сәйкес заңды тұлғалар өз қызметін жүзеге асыратын орындарда төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдер қабылдауға арналған жабдықтарды (құрылғыларды) орнатуды және қолдануды қамтамасыз етуге, сонымен бірге төлем карточкаларын пайдалана отырып, төлемдерді қабылдауға міндетті.

Қандай қызмет түрлері төлем карталарын қабылдауға міндетті?

Қазақстан Үкіметінің 2016 жылғы 21 қазандағы №604 қаулысы бойынша Астана, Алматы, Шымкент және облыс орталықтарындағы жекелеген қызмет көрсететін мекемелер, оның ішінде мынадай қызмет көрсету орындары банк карталары арқылы төлем қабылдауға міндетті:

– автомобильдер мен мотоциклдерді көтерме және бөлшек саудада сату, оларды жөндеу және техникалық қызметтер;
– көтерме және бөлшек сауда;
– қонақүй қызметі;
– мейрамхана қызметі, тамақтануды ұйымдастырудың өзге де түрлері мен сусындар сату;
– әуе және теміржол көлігіне жол жүру құжаттарын (билеттерді), багаж және жүк-багаж түбіртектерін сату;
– жүктерді көліктік өңдеу, қоймаға жинау мен сақтау жөнінде қызмет көрсету, тасымалдау жөніндегі қосымша көрсетілетін және жүктерді тасымалдау жөніндегі қызметтер;
– туризм саласында көрсетілетін қызметтерді ұсынатын туристік операторлардың және өзге де ұйымдардың қызметі (туристік агенттерден басқа);
– сақтандыру саласындағы қызмет;
– денсаулық сақтау саласындағы қызмет;
– білім беру саласындағы қызмет;
– кинофильмдерді, бейне және телевизиялық бағдарламаларды тарату жөніндегі қызмет, кинофильмдерді көрсету;
– фитнес, спорттық клубтар, дискотекалар қызметі;
– құмар ойындарын және бәс тігуді ұйымдастыру саласындағы қызмет;
– боулинг (кегельбан) және бильярд бойынша қызмет көрсету.

Төлемді картамен қабылдаудан бас тартқан кезде не істеу керек?

Банк карталары арқылы төлем қабылдаудан бас тартқан тұлғаларға ҚР заңнамасына сәйкес әкімшілік жаза көзделген. Бірінші ретте — ескерту, қайталанған жағдайда 101 000 теңгеден 252 500 теңгеге дейін айыппұл төлеуге міндетті болады.

Банк карталары арқылы төлем қабылдауға міндетті тұлғалардың сіздің заңды құқықтарыңызды бұзуына жол беру фактілері бойынша Астана, Алматы, Шымкент және облыс орталықтары бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне шағымдануға толық құқылысыз.

Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 720-бабының 1-бөлігіне сәйкес осы кодекстің 194-бабында айқындалған әкімшілік құқықбұзушылықтарды мемлекеттік кіріс органдары қарастырады.

Қандай кәсіп түрлері төлемді картамен қабылдаудан босатылады?

Банк карталары арқылы төлем қабылдау міндетінен босатылатын кәсіп түрлері:
– ауыл шаруашылығы өнімдері саудасы;
– өзі өндірген акваөсіру (балық аулау) өнімдерінің көтерме және бөлшек саудасы;
– стационарлық емес сауда объектілері арқылы жүзеге асырылатын сауда.