Басты бетЖаңалықтарНұрсұлтан Назарбаев:...

Нұрсұлтан Назарбаев: Кезектен тыс Президент сайлауы болмайды

Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық Кеңеске берген өтініші жөнінде мәлімдеме жасады. Президенттің бұл мәлімдемесінің видеосы Ақорданың Facebook-тегі ресми парақшасында жарияланды.

Конституциялық Кеңеске берген өтінішіме байланысты қысқаша жауап бергім келеді. Бұл — мемлекеттің әбден қалыптасқан мәселесі. 1995 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдаған сәттен бастап осы күнге дейін Конституциялық Кеңеске 220 өтініш, соның ішінде Президенттен 22 өтініш жолданды. «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» заңға сәйкес, Конституциялық Кеңес Конституцияға ресми түсіндірме беруге құқылы. Заңнамада олқылықтардың болуы — әдепкі жағдай. Мысалы, Конституцияда Президентті алмастыру жолдары айқындалмаған, сонымен бірге оның өз еркімен отставкаға кету жағдайы қарастырылмаған. Мұндай нормалар әлем елдері конституцияларының бәрінде бар. Бұл аспектілердің өзектілігі зор екенін ескеріп, мен Конституциялық Кеңестен осы ережені түсіндіруді сұрадым, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев соңғы кездері қоғамда жиі айтыла бастаған әңгімелерге қатысты жауап берді — Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы болмайды!

Бүгінде қоғамды сайлау мәселесі қызықтырады. Бірақ бұл тақырыпқа қатысты жұртты дүрліктірудің қажеті жоқ. Ата заңымызда, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңда сайлау өткізудің тәртібі мен уақыты, өкілеттіліктің аяқталу мерзімі анық жазылған. Конституцияға сәйкес Президент кезектен тыс сайлау өткізу жөнінде мәлімдеме жасауға құқылы, бірақ ондай жағдай бола қоймас. Сондықтан тыныштық сақтап, күнделікті жұмыспен айналыса беру керек, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Заявление Президента Республики Казахстан Нурсултана Назарбаева по поводу обращения в Конституционный Совет

Заявление Президента Республики Казахстан Нурсултана Назарбаева по поводу обращения в Конституционный Совет

Опубликовано AkordaPress Вторник, 5 февраля 2019 г.

Еске салайық, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Конституциялық Кеңесінен Конституцияның Президент өкілеттігін тоқтату туралы тармағына қатысты ресми түсіндірме беруді сұраған еді. Конституциялық Кеңес өтінішті қабылдады.

2019 жылғы 4 ақпанда Республиканың Конституциялық Кеңесі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Конституциясының 42-бабының 3-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтінішін конституциялық іс жүргізуге қабылдады. “Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы” Конституциялық заңға сәйкес, аталған өтінішті Конституциялық Кеңестің отырысында қарау үшін қажет материалдарды дайындау жұмысы жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады ҚР Конституциялық Кеңесінің баспасөз қызметі.