Кейіпкеріміз мынадай тақырыптарды қозғайды:

  1. Кайдзен деген не?
  2. Оны қолданудың пайдасы қандай?
  3. Қазақстан тәжірибесінде кайдзен қолданыла ма?
  4. Кайдзеннің қандай әдістері бар?

Кайдзен жапон тіліннен аударғанда «кай» — «үздіксіз», «дзен» — «өзгерісте» деген мағынаны білдіреді. Ол — өндірісті, зерттеуді, қосымша бизнес-үрдістер мен басқаруды, өмірдің барлық аспектісін үздіксіз жетілдіруге бағытталған жапон философиясы. Бұл дегеніміз — үнемі жақсарып отыру.

Энергия, қаражат пен уақытымыздан айыратын сегіз түрлі шығын бар. Олардың алдын алып, болдырмау үшін жапондар кайдзенді бүгінге дейін қолданып жүр.

Кайдзентренер Ғани
Ғани Байғалиұлы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Кайдзен әдістері

Кайдзенде қарапайым нәрселерді алдын ала ойластырып, оны оңтайландыру әдістері бар. Оның негізгі әрі ең танымал бірнеше амалын қолдана алсаңыз, өнімділікті арттыруға болады. Мен кайдзен философиясының сондай ең танымал 15 әдісін білемін.

5S жүйесі – бұл жұмысты ұйымдастыру әдісі. Мақсаты — қажетті операцияларды орындау үшін оңтайлы жағдай жасау, өндірістегі тәртіпті, тазалықты, ұқыптылықты қадағалау, уақыт пен энергияны үнемдеу.

5S жүйесі ағылшынның S әрпінен басталатын 5 сөзден тұрады:
1. Sort — сұрыптау
2. Set in order — орындарына қою
3. Shine — тазалық сақтау
4. Standardize — стандарттау
5. Sustain — үздіксіз өзгерістер енгізу.

Кайдзентренер Ғани
Ғани Байғалиұлы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Мысалы, үйіңіз шашылып жатса, жинау үшін бірінші сұрыптауға кірісеміз. Киімдерді, заттарды орнына қоямыз. Артығын қоқысқа тастаймыз. Одан кейін сыпырып, шаң сүртіп, тазалық орнатамыз. Қажетті заттарды ыңғайлы жерге реттеп орналастыру арқылы оңтайландырамыз. Бұл әдісті тек үйде емес, жұмыста, тіпті, өміріңізде пайдалануға болады.

Кайдзен
Фото жеке архивінен

Кайдзенді ұстанатын компанияның бөлімшелері мен учаскелерінде 5S жүйесі қолданылады. Негізгі артықшылығы — бұл әрекеттер қосымша қаржы шығындарын немесе қандай да бір жаңа технологияларды енгізуді талап етпейді. Қажетсіз заттардан арылу және жұмыс орнын тәртіпке келтіру еңбек мәдениетін, ең бастысы, қауіпсіздікті жақсартады.

Кайдзен
Фото жеке архивінен

Мысалы, бұрын «Алель-Агрода» жұмысқа керек құрал не құжат ыңғайластырып қойылмаса, оны тасу біраз уақыт алатын еді. Қазір 5S жүйесі арқылы тазалық пен тәртіпті сақтап қана қоймай, жұмысты біраз оңтайландырдық.

Кайдзентренер Ғани
Кайдзентренер Ғани Байғалиұлы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Кайдзен қалай пайда болды?

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін америкалық менеджерлер өнеркәсіпті қайта құруға көмектесу үшін Жапонияға көшті. Олардың арасында америкалық Уиллиам Дэминг те болды. 1950 жылдары Дэминг сапаны жақсарту арқылы өнімділікті арттырып, шығынды азайтуға болатынына сенді. Осылайша біртіндеп компанияның құны да өсе түседі деген ой болды.

Дэминг идеал процесс болмайтынына сенді, бірақ «барлық процесті әрқашан жақсартуға болады» деген тұжырымды ұстанды. Себебі өнімдіділікті үздіксіз жақсартып отыру керек. Осындай ұстаным мен басқа да философиялық ілімдер арқылы Жапония экономикасы біртіндеп жандана бастады.

Toyota компаниясы бұл философияны алғашқылардың бірі болып қолданды. Кайдзен олардың сәтті жұмыс істеуіне ерекше әсер етті. Қазір Toyota жұмысшылары жылына миллионға жуық жаңа идея ұсынып, оның 90 %-ы өндіріске енгізіледі.

Кайдзентренер Ғани
Ғани Байғалиұлы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Кайдзен әдістерін білмей қолданатын адамдар болады. Мысалы, кәсіпкерлер табысқа бірден жетпейді. Бір идеяны жандандыру үшін олар алдымен жоспар құрып, оны іске асырып, тексереді. Содан кейін нәтижесін жақсаруға тырысады. Сөйтіп қайтадан жоспар құрып, дамытып, қайтадан іске асырады. Бұл циклді 100% нәтиже болмайынша жалғастырады. Кайдзенде дәл осындай PDCA деген әдіс бар.

Кайдзен
Фото жеке архивінен

Plan-Do-Check-Akt (PDCA) — жақсарту циклі (жоспарлау — іске асыру — тексеру — жақсару). Кез келген нәрсені, жағдайды, ойды, бизнесті жақсарту үшін осы цикл пайдаланылады. Циклді қайталаған сайын жаңа идея қосып отырсақ, 100% көрсеткішке қол жеткізуге болады. Басты сатыларын жақсылап меңгеріп, практикада қолданып көрсеңіз болғаны.

Жоспарлау. «Кім? Не? Қашан? Қайда? Қалай? Не үшін?» деген сұрақтарға жауап беріп, толық жоспар құру.

Орындау. Бұл кезеңде барлық ресурстың экономикалық жағынан пайдаланылуын ескере отырып, жоспарланған іс-әрекеттер жүзеге асырылады.

Тексеру. Бұл сатыда осыған дейін және кейінгі сапа көрсеткіші мен жоспар салыстырылады.

Жақсарту. Алынған нәтижелерді жақсартып, түзету мүмкіндігі талданып, шығынды алдын алу әрекеттері орындалады.

Кайдзенді өмір салтына қалай енгізуге болады?

Бұл философияны өмірде қолданып, сынап көруге болады. Мысалы, Парижге баруды, көлік алуды, қайырымдылық жасауды армандайсыз. Бірақ жақын арада осылардың біреуін ғана орындауға мүмкіндігіңіз бар. Осы кезде таңдау жасау үшін кайдзеннің визуализация әдісін қолдануға болады. Ол үшін үш мүмкіндікті жазып, реттейсіз, жоспар құрасыз. Сол кезде сізге қажет әрі пайдалы жауапты көресіз. Визуализация арқылы ойыңызды реттейсіз.

Кайдзен
Инфографика жеке архивінен

Табысты адам нақты жоспар құра алады. Сонда ғана ол жетістікке жетеді. Қазақстанда кайдзен әдістерін сәтті қолданып жүрген бірнеше компания бар, мысалы, Amanat Insurance. Басшысы Ерғали Бегімбетов кеңсені қолайлы етіп, жұмыскерлерге барлық жағдай жасаған. Себебі сонда ғана жұмыс сапасы мен өнімділік артады. Компанияда қағазбастылық жоқ. Әр жұмысшы ойын ашық білдіріп, идеясын ұсына алады. Осындай жұмыстың нәтижесінде қазір Amanat Insurance — ең танымал әрі табысты сақтандыру компанияларының бірі. Себебі олар басты орынға адамды қояды. Бұл — кайдзеннің де ұстанымы.

Кайдзентренер Ғани
Ғани Байғалиұлы. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Кайдзенді Қазақстан қолдана ма?

Жапондар кайдзен әдістерін көрші Кореяға үйретті. Қазір Корея — дамыған мемлекеттердің бірі. Оның кайдзен философиясын ұстанатынын көру қиын емес. Мысалы, Кореяның Тэджон қаласында 1993 жылы EXPO өтті. 1988 жылы Сеулде Жазғы Олимпиада болды, 2018 жылы Пусанда Қысқы Олимпиада ұйымдастырылды. Осылайша Корея халықаралық шараларды түрлі қалада өткізу арқылы әрқайсысының дамуын қамтамасыз етті. Ал бізде 2011 жылғы Азиада да, 2017 жылғы Универсиада да Алматыда өтті. Мұндай шараларды қайта-қайта бір қалада ұйымдастырғаннан не пайда? Туристерді жинап, әлемге танытатын үлкен шаралар Шымкентте не Қостанайда өтсе, басқаша болар ма еді? Меніңше, Қазақстан кайдзен әдістерін қолданып көрсе, қазір әлдеқайда дамитын еді.

Компанияларда дәл солай. Бір ғана әкімшілік бөлімді қаржыландырып, өндіріс бөлімі ақсап қалса, компания құлдырайды. Мұндай дисбаланстан өнімділік азайып, шығын көбейетіні сөзсіз.

Өміріңізде тура солай емес пе? Бар уақытыңыз бен энергияны ағылшын оқуға бағыттап, ден қойсаңыз, спорт не жұмыс өнімділігі түседі. Себебі басқа салаларға энергияңызды салмадыңыз, уақытыңызды бөлмедіңіз.

Кайдзенмен айналысқалы бойымнан көп өзгерісті байқадым. Жалқаулық басылып, мүмкіндіктерімді көрдім. PDCA, 5С және жоспарлау әдістері өзімді күн сайын жетілдіруге көмектесіп жатыр. Мен үшін ол жай ғана жапон философиясы емес, кайдзен — өмір сүру стилі.

Кайдзенге қызығып, тереңірек меңгергісі келетіндерге мына кітаптарды оқуға кеңес беремін:

Масааки Имай, «Кайдзен»

Джеффри Лайкер, «Дао Toyota»

Робин Шарма, «Феррариін» сатқан тақуа».