Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Экономикалық өсім 123,3%: Түркістан облысы бірінші орынға шықты

Фото: gov.kz
2026 жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша Түркістан облысы әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жөнінен республикада көш бастады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Есепті кезеңде облыстың қысқа мерзімді экономикалық өсімі 123,3 пайызды құрап, өңір еліміз бойынша бірінші орынға көтерілді. Сонымен қатар негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің барлығы орындалып, жоспарланған межелерге қол жеткізген.

Бұл мәселе Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен әлеуметтік-экономикалық даму және бюджеттің атқарылуы жөніндегі жиында талқыланды.

«Облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен бюджет жоспарының сапалы орындалуын қамтамасыз етуді, белгіленген межелерге қол жеткізу бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырамын», – деді Қанат Қайыпбек.

Ол барлық тапсырманың орындалуы тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.

Жиында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Күмісбек Жаппар 2026 жылдың алғашқы бес айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, өңірдегі барлық көрсеткіш тұрақты бақылауда және маусым айына жоспарланған межелер толық орындалатынын атап өтті.

Есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 722,4 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 131,9 пайыз өсім көрсетті. Өңдеу өнеркәсібінде 346,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім қарқыны 149,7 пайызды құрады. Бұл жоспарланған 107,7 пайыздық көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.

Тау-кен өндіру саласында 312,7 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 119 пайызға жетті. Ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 259,5 млрд теңгені құрап, 110,7 пайыздық өсім тіркелді.

Жыл басынан бері өңірге негізгі капиталға 614,2 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 150,5 пайыз өсім қамтамасыз етілді. Сауда көлемі 356,3 млрд теңгеге жетіп, 119,7 пайызға өсті.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 134,2 млрд теңгені құрап, өсім 108,3 пайыз болды. Сонымен бірге 353,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 115,6 пайызға өсті.

Көлік және қоймалау қызметтерінің көлемі 129,3 млрд теңгеге жетіп, 116,5 пайыз өсім көрсетті. Байланыс қызметтерінің көлемі 5,3 млрд теңгені құрап, 108,9 пайызға артты.

Жиын барысында облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Гүлфари Әжіметова бюджеттің атқарылуы жөнінде баяндама жасады. Оның мәліметінше, 1 маусымдағы жағдай бойынша өзіндік кірістер көлемі 135,7 млрд теңгеге жетіп, жоспар 6,4 млрд теңгеге артығымен орындалған.

Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өзіндік кірістер 21,5 млрд теңгеге немесе 18,8 пайызға артқан.

Мақалаға реакция