2019 жылы дәрілік заттарды маркалау бойынша жұмыстар басталады. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты.
Контрафактілік өнімдерден қорғау, бизнестегі бәсекелестікті теңестіру және көлеңкелі экономика көлемін қысқарту мақсатында тауарларды маркалау және қадағалау жүйесін құру бойынша жұмыс басталады. Тері бұйымдарын маркалау бойынша алғашқы жоба жүргізілді. Оның оң нәтижесін көріп отырмыз, яғни 250 мыңнан астам тері бұйымдары таңбаланған. Тері бұйымдарын декларациялайтын импорттаушылардың саны 40%-ға өсті, — деді Әлихан Смайылов.
Оның сөзіне қарағанда, атқарылған шаралардың нәтижесінде табысты төмендетіп көрсететін салық төлеушілер анықталды. Патент негізінде қызметін жүзеге асыратын субъектілер саны 13 есеге қысқарды (247-ден 19-ға дейін). Импорт бойынша кедендік баж бен салық түсімдері 1,5 есеге өсті (372 миллион теңгеден 516 миллион теңгеге дейін).
2018 жылдың қазаңынан бастап темекі өнімдерін маркалау бойынша алғашқы шаралар басталса, осы жылы дәрілік препараттарды маркалауды бастаймыз. Бұндай бағыттағы жұмыс «Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен маркалау туралы» келісімді ратификациялаудағы депутаттардың ескертулері мен ұсыныстарын қарай отырып, жалғасын табатын болады, — деді Қаржы министрі.
Айта кетейік, Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин маркалауды енгізу дәрі-дәрмек бағасының өсуіне ықпал етпеуі керегін атап өткен еді.