Басты бетЖаңалықтар"Жастар біздің...

«Жастар біздің болашағымыз ғана емес, бүгініміз» — Камал Жаманғозов

Қазіргі жастарды жаңа жобалар мен жаңа идеялардың генераторы деуге болады. Жастар біздің болашағымыз ғана емес, бүгініміз. Олардың қоғамда болып жатқан оқиғаларға, еліміздің дамуына қосар үлесі зор. Қазір жастар үшін жол ашық. Тек ізденіп, еңбек етіп, талаптану қажет. Жастар жылы аясында дарынды жас мамандарды ынталандыру, жігерлендіру үшін оларды ел алдында дәріптеуден тайсалмау керек. Әрбір жас «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін?» деген қағидамен жүруі абзал деп есептеймін.

Жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында бірнеше жыл аралығында «Сәтті қадам» бағдарламасы жүзеге асып келді. «Жастар – Отанға!», «Жастар тәжірибесі» деген көптеген бағдарлама да бар. Мемлекеттің жан-жақты қолдау көрсетуінің арқасында бұл жобалар бүгінде еліміздің барлық өңірінде ойдағыдай жүзеге асып, айтарлықтай нәтиже беріп жатыр.

Мысалы, «Жастар тәжірибесінің» негізгі мақсаты – жоғары оқу орындарының, колледждер мен лицейлердің түлектеріне мемлекет тарапынан қосымша қолдау көрсету. Қазір жұмыс берушілердің көбі тәжірибесі жоқ жас мамандарды жұмысқа алуға құлықсыз екені жасырын емес. Бастап жұмыс істемесе, ол тәжірибе қайдан келеді? Сондықтан бұл жерде мемлекеттің араласып, жас маманның тауын шақпай, жұмыс табуына, тәжірибе жинауына көмектесуі аса қажет. Жұмыс беруші де жас мамандар арасынан көңілінен шығатын, сенім арта алатын, жігерлі маманды таңдап ала алатындай болуы керек.

Камал ЖАМАНГОЗОВ

Қазіргі таңда Алматы құрылыс және халықтық кәсіпшілік колледжі — Алматыда және республика бойынша құрылыс орындарына, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету стансаларына, ағашты өңдеу мен музыкалық аспаптар жасайтын кәсіпорындарына білікті кадрлар даярлайтын, заманауи көпсалалы оқу орны. Колледждің оқушылары үш жылдың ішінде орта біліммен қатар, құрылыс ағаш ұстасы, құрылыс өңдеу жұмыстарының шебері, сылақшы, сырлаушы, құрғақ әдіс құрылысының маманы сынды мамандықтарды игеріп шығады.