Басты бетЖаңалықтарНұрсұлтан Назарбаев...

Нұрсұлтан Назарбаев қаланы қалай бір орталықтан басқаруға болатынын көрді

Мемлекет басшысы Ақмола облысындағы Ақкөл қаласына жұмыс сапарымен барып, «Қазақтелеком» АҚ желілік магистралі техникалық торабының мәліметтерін өңдеу орталығының жұмысымен танысты.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл орталық қаладағы бейнебақылау, энергия ресурсына экологиялық мониторинг пен есеп жүргізу, жол трафигін басқару, өрт қауіпсіздігі жүйелерінен келіп түсетін мәліметтерді жинақтап, Smart Aqkol ахуал орталығына жолдайды.

Назарбаев Ақкөлде
Фото: Аkorda.kz

«ҚазАқпараттың» хабарлауынша, Smart Aqkol жобасын «Қазақтелеком» АҚ, Tengri Lab және Еуразиялық топ іске асырды. Қалада 17,5 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, қоғамдық Wi-Fi және LTE желісі жаңартылды. Осының арқасында 100-ге жуық бейнекамера, 4500 су есептеу құрылғысы, 6000 электр энергиясын есептеу құралы, жол трафигі, өрт қауіпсіздігі, көшені жарықтандыру және басқа да құрылғылар бір орталықтан басқарылады.

Аxуалдық орталықта диспетчерлік зал, бейнебайланыс жүйесі және call-орталық бар. Бейнебақылау жүйесінің барлық сигналы арнайы LED-экрандарға шығарылады. Осылайша аxуалдық орталық арқылы ведомствоаралық өзара іс-қимыл ұйымдастырылады, қала өмірін тактикалық және стратегиялық жағынан басқару шаралары жүргізіледі. Ал барлық ақпарат бункерлік типтегі деректерді өңдеу орталығында сақталады. Аталған орталық жердің астында орналасқан.

Сапар барысында Мемлекет басшысы тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді қашықтан басқару, қала тіршілігін қамтамасыз ету, жол қозғалысын реттеу, қоғамдық қауіпсіздік пен экологиялық жағдайды бақылауға арналған теxнологиялармен танысты. Мәселен, Ақкөлде әрбір үйдің суды тұтыну көлемі автоматты түрде есептеледі. Сөйтіп 70 жастағы зейнеткер әйелдің үш күн бойы су мен электр энергияны қолданбағаны анықталды. Аxуалдық орталық мамандары ол ақпаратты бірден құзіретті органдарға жеткізді. Сөйтсе, үйдің иесі Астанада тұратын балаларына барып келген болып шықты. Сол сияқты су көп кетіп жатса, құбырдың жарылғанын жылдам табуға болады.

Ақкөлде барлық бейнекамера автоматты түрде талдау жүйесіне қосылған. Адамның бет-әлпетін тану теxнологиясы да бар. Тіпті, кез келген адамның фотосын жүктеп, бейнекамералар арқылы іздестіріп көруге болады. Адамдар көп жиналатын жерлер, қараусыз қалған заттар мен қару-жарақ автоматты түрде анықталады. Аэростаттан бейнебақылау аппараты да бар. Осы уақытқа дейін жаңа жүйенің арқасында бірнеше тәртіп бұзушы қолға түсті. Сонымен бірге камералар қалаға кіретін және шығатын көліктерді тіркеп отырады. Tengri Lab компаниясының басшысы Әлімжан Есетовтің айтуынша, Ақкөлде енгізілген кейбір теxнологиялар ТМД аумағында алғаш рет қолға алынып отыр.

Президент  Smart Aqkol тәжірибесін басқа қалаларға тарату жағын пысықтауды тапсырды. Себебі жаңа теxнологиялардың арқасында барлық процесті жылдам әрі тиімді түрде басқаруға болады.

Компанияны, я болмаса, кәсіпорынды қалай басқарамыз, цифрлық теxнологиялардың арқасында Қазақстанды да тура солай бірыңғай орталықтан басқаруға болады. Міне, мына жерде тұтас бір қаланы басқарып отырмыз. Ондай жүйенің артықшылығы көп, экономикалық тиімділігі де жоғары. Нақты нәтиже деп осыны айту керек, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

ДереккөзInform.kz