Басты бетЖаңалықтарАлматыдағы тікұшақ...

Алматыдағы тікұшақ апаты себебінің үш нұсқасы қарастырылып жатыр

Sky Service әуе компаниясы тікұшағының апатқа ұшырауына әуе көлігінің техникалық ақауы, адам факторы немесе ауа райы себеп болуы мүмкін. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің әуе оқиғаларын тексеру басқармасының басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов айтты.

Оқыс оқиға кеше 16.05-те «Алатау» шипажайы маңында, жабық жерде болды. Sky Service әуе компаниясының Eurocopter-130 тікұшағы құлады. Тікұшақ толық талқан болған. Қазір оқиға орнында тергеу жұмысы жүріп жатыр. Тексеру басталды. Арнайы комиссия құрылды. Нәтижесін кейінірек білесіздер, — деді Нұрлан Жұмасұлтанов.

Оның айтуынша, ықтимал үш нұсқа қаралып жатыр.

Біріншісі —  ұшақтың техникалық ақауы, екіншісі — адами фактор, яғни ұшқыштың қатесі, үшіншіден, ауа райының қолайсыздығы. Ауа райын өздеріңіз де көрдіңіздер. Тұманнан 150 метр қашықтық қана көрінген. Мұз қату жағдайы болған. Қазір барлық нұсқа тексеріліп жатыр, — деді ол.

Қайғылы оқиға кеше Алматыдағы Наурызбай ауданына қарасты «Тау самалы» ықшамауданында болды. «Алатау» шипажайының ашық аумағына Sky Service әуе компаниясының меншігіндегі Eurocopter-130 тікұшағы құлап қалды. 51 жастағы ұшқыш Валентин Шитов жедел жәрдем көлігінде қайтыс болды. Тікұшақ Боралдай — Үлкен Алматы көлі бағытында ұшып бара жатқан. Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері аталған деректі ҚР ҚК 344-бабы бойынша («Ұшу қауіпсіздігі немесе әуе көлігін пайдалану ережелерінің бұзылуы«) сәйкес сотқа дейінгі тергеу ісі реестріне тіркеді. Тергеу жүріп жатыр.

ДереккөзInform.kz