Денис Тен ісі: сотта екінші айыпталушының жауабы тыңдалды

Денис Тен ісі бойынша жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрлан Өстеміров сотта екінші айыпталушы Арман Құдайбергеновтен жауап алды. Айыпталушы тергеу барысында кінәні мойындағанымен сотта бұл сөзінен бас тартты.

Арман Құдайбергенов тергеу барысында өз еркімен айғақ берген. Бірақ қазір тергеу барысында өзі айтқан жайттың көбі шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Сотта берген айғақтарымды растаймын. Кейбір нәрсені ұмытып қалуым мүмкін, мысалы, айнаны бергенімді… Ол алғашқы жауап алу кезі болатын. Ол кезде кінәні мойныма алғанмын, кейін шындыққа айтуды ұйғардым, — деді Арман Құдайбергенов.

Арман Құдайбергеновтің айтуынша, ол Денис Тенмен төбелескен, бірақ спортшыны ұрған жоқпын деп отыр. Тенге салынған пышақ негізгі күдікті Нұралы Қиясовтың сөмкесінде болған. Айыпталушы спортшымен төбелес кезінде есінен танып құлағанын айтты. Ол оқиғаның тапсырыспен кісі өлтіру дерегі емес екенін айтып отыр.

Кінәмді мойындамаймын. Мен ұрлық жасадым, Тен мені көріп қалды, екеуіміз төбелестік, біздің кісі өлтіретін ойымыз болған жоқ. Біз ашық тонадық. Бұған келісемін, қалғанымен келіспеймін. Пышақ сөмкеде, сөмке Қиясовта болды. Ол мені ұрып жатқанын көрді. Ол неге пышақ қолданғанын әлі күнге дейін түсіне алмаймын. Екеуіміздің арамызда сөз байласу болған жоқ. Мен айнаны ұрлап, ақша жасауды ғана айттым, — деді Арман Құдайбергенов.

Сотта айыптаушы тарап күдіктілердің көлік айнасын 10 минут бойы ағытқанын айтты.

Мені кешіріңіздер, бірақ, көп нәрсе сіздер ойлағандай болмады. Бұл тапсырыс емес, ондай ойымыз болған жоқ. Біз ұрлық жасау үшін ғана бардық. Тағдыр солай болды, — деді айыпталушы.

Еске салайық, бұған дейін сот барысында негізгі айыпталушы Нұралы Қиясов Денис Тенге пышақ салғанын мойындаған еді.

ДереккөзZakon.kz