Денис Теннің өліміне қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды

Денис Теннің өлімі бойынша қозғалған қылмыстық істі тергеу аяқталды. Бұл туралы Парламент Сенатындағы жалпы отырыс сыртында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айтты.

Біз істі аяқтадық. Бірақ іс материалдарымен танысу процесі жүріп жатыр. Іс материалдарымен танысу аяқталған кезде іс бірден сотқа жіберіледі. Бұл — олардың (фигуранттардың — авт.) құқығы, олар іспен қанша уақытта танысам десе де, өздері біледі, — деді ІІМ басшысы.

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15.00-дер шамасында болды. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғады. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсынан жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. 2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды.

Бұл оқиға бойынша «Адам өлтіру» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Спортшының өліміне қатысы бар күдіктілер — Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов және Жанар ТолыбаеваҚұдайбергенов пен Қиясов 20 шілдеде қамауға алынды, олар марқұмның көлігін тонағанын және спортшыны өлтіргенін мойындады. Екеуі де бұрын сотталған. Жанар Толыбаева 25 шілдеде тұтқындалды, оның үстінен қылмысты хабарламағаны үшін іс қозғалып отыр. Жуырда Денис Теннің туыстары оқиға куәгерлерін іздестіруді жандандырды.

ДереккөзTengrinews.kz