Асхат Оразбай Қазақстанның Ирандағы елшісі болып тағайындалды

Қазақстанның Ирандағы жаңа елшісі тағайындалды. Ақорданың баспасөз қызметі бұл қызметке Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Асхат Оразбай тағайындалғанын хабарлады.

Мемлекет басшысының жарлығымен Асхат Тұтқышбайұлы Оразбай Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды, ол Қазақстан Республикасының Индонезия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметінен, Қазақстан Республикасының Филиппин Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі қызметін қоса атқарудан босатылды, — делінген хабарламада.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, Асхат Оразбай 1960 жылдың 2 желтоқсанында Қырғызстанда туған. Еңбек жолын Ауғанстанда әскери аудармашы болып бастаған. Бұған дейін ол ҚР Сыртқы істер министрлігінің Екіжақты ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары, БҰҰ-ның Ауғанстан бойынша арнайы миссиясының саяси кеңесшісі, ҚР СІМ Азия, Таяу Шығыс және Африка департаментінің директоры, Қазақстанның айрықша тапсырмалар жөніндегі елшісі, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы, Қазақстанның Түрікменстандағы төтенше және өкілетті елшісі қызметтерін атқарды. Индонезиядағы елші лауазымында 2012 жылдан бері, Филиппиндегі елші лауазымында 2015 жылдан бері болды.