Сайрам (ескі атауы Исфиджаб) - XV-XVIII ғасырларда Қазақ хандығы тұсында дамып, сауда мен қолөнердің орталығы болған ірі қалалардың бірі.

Қаланың орны қазіргі Сайрам ауданының аумағында. Ол Шымкенттен 12 шақырым жердегі 28 гектарды алып жатыр.

VI-VII ғасырларда Исфиджаб жаңадан өркен жайып, гүлдене түсті. Қала көптеген жойқын шапқыншылық пен қанды соғысты бастан өткерді. Бірақ 714 жылы араб әскерінің қолбасшысы Күтейба Исфиджабқа жорық жасағанымен оны басып ала алмады. IX ғасырдың басында Исфиджаб Қарлұқ мемлекетінің, содан кейін саманилердің қарамағына өтті. Самани билеушісі Исфиджаб пен оның аумағындағы егістік алқаптарын сыртқы жаудан қорғау үшін көптеген қорған соқтырған. Саманилер арқылы қалаға ислам діні тарап, оңтүстіктегі ірі сауда мен мәдениет орталығы ғана емес, сонымен қатар үлкен діни орталыққа да айналды. Әлемдік деңгейдегі ғылым мен философияда өзіндік орны бар Қожа Ахмет Ясауи Сайрамда туған. Оның ата-анасы Ибрагим мен Қарашаш осында жерленген. 

X ғасырдың соңына қарай Исфиджаб Қарахан мемлекетінің қарамағына өтті. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқандықтан қалаларды бір-бірімен байланыстырушы көпір еді. Сырдария бойындағы Кедер, Сығанақ, Сауран мен Янгикент, Қаратаудың солтүстік бөктеріндегі Баладж бен Берукей, Жетісудың Тараз, Құлан, Мирки (Мерке), Суяб қалаларын біріктірген ірі аймақ болды. Тарихшылардың айтуынша, айтылған қалалар Исфиджабтың экономикалық, саяси, мәдени ықпалында болған. Қала билігі Мәуреннахрға харадж салығын мүлдем төлемеген. Тек жылына бір рет саманидтер сарайына сыйлық жіберіп тұрған. Қала тұрғындардың егін егумен, басқа да кәсіппен айналысуына қолайлы болған.

Х ғасырдағы жазбаларда Исфиджаб “орталықтан, қамал мен рабаттан тұратын, керуен сарайлары көп қала” деп суреттеледі. Онда “Орталықтың төрт қақпасы – Нуджкет, Фархан, Шакван және Бұхара бар, базарлары медина мен рабатта, ал басқару үйі, абақты мен бас мешіт мединада орналасқан” деген жолдар бар.

Қаладағы құрылыс сазбалшықтан жасалған, базарлары жеміс-жидекке тұнып тұр, онда түрлі өнім мен пайдалы зат көп. Исфиджабтың айналасы толған қалалар мен қыстақтар, – деп жазған Әл-Истархи.

Исфиджабтың атағы ірі әкімшілік орталық ретінде ғана емес, сонымен бірге үлкен жолдың бойындағы сауда орталығы ретінде де шықты. XІ-XІI ғасырларда дамудың жоғары деңгейіне шарықтаған қала кәсіптің небір түрін жаңғыртты. Сауда Орталық Азия мен Шығыста, сонымен бірге Исфиджабтың өзінде соғылған теңгемен жүргізілген. Қала маңындағы басқа өңірлерге де матаның түр-түрі, қару-жарақ, мыс, темір сияқты заттар жеткізіліп тұрды. Алыс-жақын елдерде болып жатқан үлкен соғыста тұтқынға түскендерді құлдыққа сату да кеңінен етек алған. 

Аса ірі стратегиялық орталық болған қалаға Қазақ, Өзбек хандықтары үнемі таласып келген. Көшпелі өмір салтын тастап, қалаға келген адам аз уақытың ішінде отырықшылыққа үйреніп, осы қаланы мекендеп қала беретін көрінеді. Соның арқасында қала халқының саны 40 мыңға дейін жеткен.