1 қаңтардан бастап поштамен жіберілетін сәлемдемелер ашық күйінде қабылданады

«Қазпошта» АҚ 1 қаңтардан бастап жеке тұлғалардан барлық сәлемдеме мен хатты ашық күйінде қабылдайды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Жеке тұлғалар жіберетін барлық тіркелетін пошта жөнелтілімі (тіркелмейтін хаттарды қоспағанда) ҚР «Пошта туралы» заңының 39-бабы 2-тармағына сәйкес ашық күйінде қабылданады. Заңды тұлғалардың хат-хабарлары бұрынғыша ашық және жабық күйінде қабылдана береді.

Барлық тапсырыс хат, бандероль және құндылығы жарияланған хат, сонымен бірге сәлемдеме пошта байланысы бөлімшесіне ашық күйінде келеді. Пошта операторы пошта жөнелтілімдерін қабылдағанда жөнелтушіні сәйкестендіруі және оның деректерін тіркеуі керек.

Сонымен қатар жөнелтуге тыйым салынған заттардың мазмұны үшін сәлемдемелерді тексерудің мүмкін болмауына байланысты поштамат арқылы пошта жөнелтілімдерін қабылдау тоқтатылады. Поштамат арқылы берілген жөнелтілімдер байланыс бөлімшелерінде қабылданады.

Бұл шаралар пошта операторы мен оның қызметкерлерінің денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет, — дейді компания өкілдері.