Онлайн сауданы дамыту — «Қазпошта» АҚ маңызды бағыттарының бірі

Елімізде электрондық сауданы дамытудың негізгі бағыттарын «Қазпошта» АҚ орындайды. Бұл жөнінде «Қазпошта АҚ электрондық сауда департаментінің директоры Сұлтан Мұстафин айтты.

«Қазпоштада» электрондық коммерцияға тікелей бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі — жөнелтімдерді жеткізудің қолжетімді болуы үшін Қазақстанның барлық аймағында поштаматтар мен супермаркеттер іске қосылған. Ел аймақтарында барлығы 151 поштамат және 178 жөнелтім супермаркеті жұмыс істейді.

«Бүгінгі таңда «Қазпошта» АҚ-ның ауқымы кең және біз өзіміздің кеңселерімізді, жеткізу нүктелерімізді одан әрі ұлғайтуды жалғастырамыз, бұл дегеніміз онлайн-сатып алушыларға көп пайдасын тигізбек, олардың өз тауарларын кез келген уақытта және тез арада алуына мүмкіндік жасайды», – деп мәлімдеді Сұлтан Мұстафин.

Мұстафиннің айтуынша, «Қазпоштаның» сағат сайын 10 мыңнан астам жөнелтім қабылдайды немесе сонша хатты жөнелтеді. Онлайн тапсырыс беріс, сауда жасаушылардың дені — жастар. Электрондық сауда жөнінен Алматы республика бойынша алда.

2016 жылы Қазақстанға жеткізілген посылкалардың саны 15,3 миллион дана, оның ішінде супермаркеттер арқылы 553 мың болды. 2017 жылы 21,9 миллион, супермаркеттер арқылы 1,8 миллион болды. Ал 2018 жылдың бес айында көрсеткіш 11,6 миллионға жетіп отыр, оның 2 миллионы супермаркеттер арқылы орындалған. 2017 жылы поштаматтар арқылы 500 мың посылка жеткізілсе, осы жылдың басынан бастап, бұл көрсеткіш 306 мыңға жетіп отыр.

Сұлтан Мұстафин «Қазпошта» АҚ-ның маңызды бағыттарының бірі — ірі аймақтарға посылкаларды EMS Kazpost қызметі арқылы тәулік сайын жеткізу екенін айтты.

2018 жылдың алғашқы 5 айында Қазақстанда электрондық коммерция нарығының көлемі 101 миллиард теңге болды. «Қазпоштаның» болжамына сәйкес, жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 302 миллиард теңгеге дейін өседі және бөлшек сауданың 2,9%-ын құрайды.

Еске сала кетейік, бүгінгі таңда Adrome Automation ЖШС-мен бірге мерзімді басылымдарды аудандық пошта орталықтарынан алыс қашықтықтағы посттарға жеткізу мақсатында Қазақстанның 4 облысының 9 ауданында 30 маршрут бойынша дрондар ұшырылып көрді. Тәжірибе оң нәтиже берді.