Астанада балалар Президент шыршасына қатысты

Астанада Президент шыршасы өтті. Астана әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңажылдық ертеңгілікке балалар үйлерінің, SOS балалар ауылының 9-13 жас аралығындағы тәрбиеленушілері мен осындай жастағы қамқорлыққа алынған балалар қатысты.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев балаларды жылдың басты көңілді мейрамымен  құттықтады.

Қымбатты балалар, балалар да, ересектер де ғажайып Жаңа жыл мерекесін асыға күтеді. Сендер — Қазақстанның жас ұрпағысыңдар, ел болашағысыңдар. Бүгін жаңажылдық шыршалардың айналасына ұлан-ғайыр еліміздің оқушылары жиналды. Өтіп бара жатқан жылы сендер ынта танытып, білім алдыңдар, спорттық жарыстарда көптеген жетістікке қол жеткіздіңдер, түрлі байқауда, викториналарда жеңімпаз атандыңдар. Әрқайсың жаңа шыңдарды бағындыруға талпындыңдар, — деді Мемлекет басшысы.

Президент балаларды білімге құштар, еңбекқор болуға, салауатты өмір салтын ұстанып, шет тілдерін үйренуге үндеді, оларға мұғалімдердің, тәлімгерлер мен ағайынның қолдауын ұмытпау керек екенін айтты.

Мереке күндері біз балалық шаққа сапар шегеміз. Әр адам бұл күндері жаңажылдық ертегі мен ғаламатты күтеді. Қымбатты балалар, жаңа жылда армандарың орындалсын! — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Астанадағы Оқушылар сарайының 40-тан астам шығармашылық ұжымы балалар мен шара қонақтары үшін театрландырылған шоу ұйымдастырды. Ең жарқын бағдарлама кішкентай қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Шара аясында балалардың назарына концерттік бағдарламамен бірге робот техникасы мен көркемсуреттер қойылған көрме ұсынылды. Ұйымдастырушылар балаларға Президенттің атынан сыйлық сертификаттарын табыс етті. Бүгін Президент шыршасы еліміздің барлық аймағында өтті.