Нұрсұлтан Назарбаев ҰҚШҰ бас хатшысы қызметіне Беларусь кандидатын қолдады

Мемлекет басшысы Беларусь Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Мемлекетік хатшысы Станислав Засьпен кездесті.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрсұлтан Назарбаев ҰҚШҰ Бас хатшысы лауазымына Станислав Засьтің кандидатурасын қолдайтынын айтты.

Мемлекеттер басшылары Санкт-Петербургте Александр Лукашенконың ұсынысы бойынша кандидатураңызды қолдау жөнінде шешім қабылдады. Сіз осы ұйымға мүше елдердің басшыларымен кездесуді бастап кеттіңіз. Бұған дейін Бішкекте болдыңыз. Қазір Қырғыз Республикасы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына төрағалық етіп жатыр. Кездесулеріңіздің жақсы өткеніне сенімдімін, — деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Станислав Засьтің осы лауазымда қызмет етуі үшін қажетті білімі мен тәжірибесі бар екенін айтты.

Сіз әскери адамсыз және тиісті біліміңіз бар. Беларусь Республикасының Бас штабында, Қауіпсіздік кеңесінде қызмет атқардыңыз. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының жұмысымен таныссыз, түрлі кездесу мен жиындарға қатыстыңыз. Біз Сізді қолдаймыз, — деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге әңгімелесу барысында Қазақстан Президенті Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы жұмысының тиімділігін қамтамасыз ету керек екенін айтты.