Астананың көмір қоры 5 мың тоннаға толықты

Астанадағы көмірдің жалпы қоры 12560,54 тоннаға жетті. Бұл туралы астана әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

5 желтоқсанда қалаға 4829 тонна көмір жеткізілді. Оның 2001 тоннасы – «Шұбаркөл», 897 тоннасы – «Қаражыра», 1586 тоннасы – «Майкөбе», 345 тоннасы –  «Богатырь көмірі» маркалы көмір.

«Шұбаркөл» маркалы көмірдің  тоннасы Астанада 13 600, «Қаражыра» тоннасы 14 000, «Майкөбе» тоннасы 12 500 , «Богатырь көмір» тоннасы 9 500 теңге, «Кузнецкий» тоннасы 12 500 теңгеден сатылып жатыр.

Астанада отын сатумен айналысатын 8 компания бар.

Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы сатушылармен бағаны көтермеу жөніндегі меморандумға қол қойған еді.

Астана әкімдігі күн сайын нарықтағы көмірге қатысты жағдайға мониторинг жүргізіп, оны үнемі бақылауында ұстап отыр.  iKomek қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығының базасында тұрғындар үшін арнайы жедел желі жұмыс істейді.