«Кино – Ұлы Дала мұрасы» жобасының алғашқы кезеңі аяқталды

Кино – Ұлы Дала мұрасы» жобасы аясында 22 қарашадан бастап Астананың барлық кинотеатрында 5-11 сынып оқушылары үшін қазақтың үздік дәстүрлері мен маңызды оқиғаларын аша түсетін отандық фильмдер «Жаужүрек мың бала», «Алмас қылыш», «Анаға апарар жол», «Жерұйық», «Құнанбай», «Елбасы жолы: Жұлдыздар тоғысқанда» және басқа да кинокартиналарын тегін көрсету ұйымдастырылды,- делінген қалалық қоғамдық даму істері басқармасының хабарламасында.

Акция өскелең ұрпақтың арасында еліміздің тарихы мен мәдениетін дәріптеуге бағытталды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Көрсетілімнің бірінші кезеңінде Астананың 40 мектебінің 5-11 сыныптарында оқитын 2374 оқушысы тарихи туындыларды тамашалады.

Жастарға көрсетілген барлық фильмдер – тарихи картиналар. Мемлекет басшысы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ұлт тарихын зерттеудің маңыздылығын атап өткен болатын. Ол өзінің тарихын мақтаныш ету және патриотизмді сіңіруді мектеп кезінен бастау керегін айтты. Біздің ойымызша, оқушылар отандық кинематограф арқылы біздің ғасырлар бойы қалыптасқан барлық құндылықтарды тереңінен сезіне алады. Өсіп келе жатқан ұрпақ үшін кино – тарихи құндылықтарды ілгерілетудің ең үздік арнасы. Кинодағы жарқын бейнелер ғылыми жұмыстардағы құжаттық портреттерге қарағанда маңызды роль алады. Фильм арқылы балалар тарихтың айшықты тұстарына назар аударып, Отанға деген нағыз махаббатты түсінеді, өзінің жақындарын, достарын қолдап, құрметтейтін болады, — деді Астана қаласы қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Данияр Есин.

Фильмдер «Керуен», «Сарыарқа», «Азия Парк» және «Арсенал» ОСО-ларындағы кинотеатрларда көрсетілді. «Кино – Ұлы Дала мұрасы» жобасы 2019 жылы шаралардың аясын кеңейте түспек.