Парламент экстремизмге қарсы күреске арналған заң жобасын әзірлеуге кірісті

Комитет төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, осы жұмыс аясында экстремизм мен терроризмге қарсы күрес, қару-жарақ айналымы, көші-қон және тағы басқа мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.

«Аталған заң жобасын Елбасы сессияның ашылу барысында арнайы айтып өтті. Заң жобасын қабылдаудағы мақсат – терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл, қару-жарақ айналымын және көші-қонды реттеу саласындағы заңнаманы жетілдіру. Комитет осы заң жобасын жұмысқа алуға және қорытынды әзірлеуге дайын», -дейді М.Әшімбаев.

Бұдан бөлек, комитет «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі xалықаралық агенттік арасындағы Қазақстан Республикасында Атом энергиясы жөніндегі xалықаралық агенттіктің төмен байытылған уран банкін құру туралы келісімді ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметінің арасындағы қосарланған салық салуды болдырмау және табыс капиталға салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенция аясында Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының уәкілетті органдары берген резиденттікті растайтын ресми құжаттарды тану тәртібі туралы ноталар алмасу нысанындағы келісімді ратификациялау туралы», сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы Қазақстан Республикасында Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығын құру (2-санат) туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары бойынша қорытынды әзірлейді.

ДереккөзBnews.kz