Алматыда мемлекеттік қызметке үміткерлерді тестілеу залдары қайта жабдықталды

Мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға үміткерлерді және құқық қорғау қызметіне алғаш рет кіретін азаматтарды тестілеу бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуді ұсынудың сапасын көтеру үшін Алматы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті қала әкімдігінің қолдауымен жұмыс станцияларын 28-ден 80-ге дейін ұлғайта отырып тестілеу залдарын ашты. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов Алматыға жұмыс сапары барысында тестілеу залдарын көріп, агенттік халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын көтеру үшін кешенді тапсырмаларды іске асырып жатқанын айтты.

Бұрынғы тестілеу залы тек 28 жұмыс орнын қамтитын, бірақ аталған қызмет көрсетуге сұраныстың жоғарылығына байланысты үміткерлер басқа облыс орталықтарынан тестілеуден өтуге мәжбүр болатын.

Жаңа тестілеу залдары компьютерлермен, веб-камералармен, интернетпен жабдықталған және қорғалатын VPN каналы арқылы орталық бейнебақылауға жалғанған.

Тестілеу залдарында әкімшілік және құқық қорғау қызметіне үміткерлер үшін қазақ және орыс тілдерінде сынама тестілеулер өткізіледі, ол үміткерлерге білімін объектив бағалауға, психологиялық кедергілерден өтуге және жалпы алғанда құқықтық сауатының артуына көмектеседі.

Халықтың ұсынысын қанағаттандыру үшін 2019 жылы жаңа залдарда құқық қорғау  қызметкерлері аттестаттаудан, сонымен қатар «Нұр Отан» партиясына, «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамына және «Атамекен» ҰКП-ға кіруге өтініш білдірушілер тестілеуден өтеді.

Бұған қоса, Британ кеңесімен келісім аясында АССА сертификациясы және ағылшын тіліне арналған IELTS компьютерлік емтихандарын өткізуге мүмкіндік туады.

Келешекте «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында нақты уақыт режимінде мемлекеттік қызмет алудың тиімділігін арттыру мақсатында сыбайлас жемқорлық қаупін барынша азайтатын тестілеудің электрондық сертификаттарын беру процесі енгізіледі.