Астана қаласының мектептерінде экологиялық мәдениетті дамыту мақсатында тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап тастау, «Қайта өңдеу үшін сұрыпта-Vпереработку» акциясының екінші кезеңі өтті. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Алғашқы экологиялық шараға 27 мектеп қатысса, осы жолғы акцияға елорданың 56 мектебі қатысты.
Эко-шара аясында мектеп оқушылары қағаз, пластик сияқты қайта өңдеуге жарайтын қалдықтарды сұрыптап тапсырды. Әрбір сынып өткізген қалдығын таразыға өлшеді. Соның нәтижесінде қалдықты ең көп тапсырған сынаптар анықталды.
Экологиялық шараның екі кезеңі бойынша Астана қаласының барлық мектебінен 23 тонна қағаз бен пластик қалдықтары жиналды. Алғашқы кезеңде қалдықтың 6 тоннасы тапсырылса, екінші эко-шарада өңдеуге жарамды қалдықтың 17 тоннасы қабылданды.
«Қайта өңдеу үшін сұрыпта» акциясы шеңберінде тақырыпқа сәйкес сабақтар, квест (ойын сабақ) және тағы басқа танымдық-тағылымдық шаралар ұйымдастырылды.
Естеріңізге сала кетейік, Астана қаласы бойынша тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап жинау жүйесі енгізілді. Әрбір аулаға қайта өңделетін қалдықтарды тастауға арналған сары түсті контейнерлер орнатылуда. Алдағы уақытта елордалық мектептерде қағаз бен пластикке арналған арнайы жәшіктер орнату ісі де қолға алынады.
