Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

Маңғыстауда 20 келіге жуық марихуана тәркіленіп, күдікті ұсталды

Фото: polisia.kz
Маңғыстау облысында заңсыз есірткі айналымына қатысы бар деген күдікпен бірнеше адам ұсталып, 20 келіге жуық марихуана тәркіленді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Операция «Қарасора» және «Дәрмек» республикалық жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында жүргізілді. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері облыстық прокуратураның үйлестіруімен және ҰҚК департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп кешенді жедел-іздестіру шараларын өткізген.

Нәтижесінде Ақтау қаласындағы базарлардың бірінде аса ірі көлемде есірткі сақтады деген күдікпен азамат ұсталды.

Тергеу барысында күдікті пайдаланған қоймадан өсімдік тектес есірткі заттары табылып, тәркіленді. Сонымен қатар оның тұрғылықты мекенжайына жүргізілген тінту кезінде қосымша есірткілер мен оларды қолдануға арналған құралдар анықталған.

Кейінгі жедел шаралар нәтижесінде бұл іске қатысы болуы мүмкін тағы бір азамат ұсталды.

Сот-сараптама қорытындысы тәркіленген заттың марихуана екенін көрсетті. Оның жалпы салмағы шамамен 20 келіні құрап, аса ірі мөлшер санатына жатқызылған.

Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Негізгі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Тергеушілер қылмыстың барлық мән-жайын және есірткінің жеткізілу арналары мен оған қатысы бар өзге тұлғаларды анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Мақалаға реакция