Тұңғыш Президент күніне орай астаналық қоғам белсенділеріне медаль тағылды

Астананың қоғам белсенділеріне «Астана 20 жыл» мерейтойлық медальдары табысталды. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Медальдарды салтанатты шара барысында Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев табыстады.

Биыл өткізілген шараларымыздың барлығы елордамыздың 20 жылдығын мерекелеуге арналды. Елбасының ерен еңбегі мен салиқалы саясатының арқасында бүгін Астананы барша әлем таниды. Бас қаламыздың 20 жылда жеткен жетістіктеріне сіздің де қосқан үлесіңіз зор. Қала әкімінің атынан еңбегіңіз, елорданың дамуына, оның қоғамдық өміріне белсене атсалысқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін, — деді Ермек Аманшаев.

Осылайша, елорданың дамуына қосқан зор үлесі, қоғамдағы келісім мен бірлікті нығайтуға атсалысқаны, 20 жылдыққа орай өткізілген іс-шараларға белсене араласұаны үшін «Астана 20 жыл» медалімен зиялы қауым өкілдері журналист Кенже Жұмағұлов пен ақын Жанат Айтмұхаметова, Астана қаласы ҚХА қоғамдарының жетекшілігі «Хазар» әзірбайжан қоғамының төрағасы Видади Агаев пен «Колхети» грузин қоғамдық-мәдени бірлестігінің төрағасы Елгуджа Апхазава, сондай-ақ Астана қаласы қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Данияр Есин марапатталды.