Қазақстан ЕАЭО елдерінде бірыңғай электрондық валюта енгізуді қолдай ма?

ҚР Парламент Мәжілісі отырысының сыртында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов журналистерге Еуразия экономикалық одағында электрондық валюта енгізу мәселесіне қатысты түсінік берді.

Мұны қазір Ресейдің Ұлттық төлем одағы талқылап жатыр. Оларда бірқатар ұсыныс бар, бірақ бұлар Ресей тарапының ресми ұсынысы емес. Ондай ұсыныстарды Қазақстан қаржыгерлерінің кез келген қауымдастығы да айта алады, — деді Тимур Сүлейменов.

Ведомство басшысы ЕАЭО кеңістігінде бірыңғай электрондық валюта енгізуді қолдамайтынын мәлімдеді.

Жоқ. Біз қолдамаймыз, — деді Ұлттық экономика министрі.

Тимур Сүлейменов Қазақстан аумағында тек ұлттық валюта ғана қолданылатынын айтты.

Бұл — менің жеке адам ретіндегі және саяси адам ретіндегі ұстанымым, мен ұлттық валюта Әнұран, Елтаңба, Ту сияқты тәуелсіздігіміздің бір символы деп білемін. Біз оны барлық жағынан қорғап, дамытып, сақтауымыз қажет. Қандай да бір квази, прокси валюталар және басқаларды енгізбеуіміз керек, — деді министр.

Еске салайық, бұған дейін ЕАЭО елдерінде бірыңғай электрондық валюта енгізілуі мүмкін екені туралы хабар тараған еді. Бастама авторы — Ресей Ұлттық төлем одағы өкілдерінің пікірінше, бұл Ресейге қарсы санкциялар жағдайында өзара есеп айырысуды жеңілдетеді.

ДереккөзZakon.kz