Мемлекеттік қызметті саусақ ізі арқылы алуға болады

12 желтоқсаннан бастап қазақстандықтарға халыққа қызмет көрсету орталықтарында олардың жеке куәлігінсіз, биометрия мәліметтері бойынша қызмет көрсетіледі.

Мұндай жүйе Астананың үш, Алматының екі қызмет көрсету орталығында енгізілген. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспановтың айтуынша, енді қазақстандықтар жеке басын куәландыру үшін құжат ұсынуға міндетті емес, олардың жеке бас мәліметі саусақ ізі арқылы анықталып, сол бойынша барлық электрондық қызмет көрсетіледі.

Мұндай қызмет түрі келер жылдан бастап республикамыздағы халыққа қызмет көрсететін барлық орталыққа енгізіледі.

Абылайхан Оспановтың мәліметінше, жеке басты биометрия бойынша идентификациялау түрлі салада кеңінен қолданыла бастады, келешекте «Азаматтарға арналған үкімет» өзіндегі мәліметтерді екінші дәрежелі банктермен біріктіргелі отыр. Бұл азаматтарға банк қызметтерімен бірге «Электрондық үкімет» порталындағы кейбір мемлекеттік қызметті алуға да мүмкіндік береді.

Биометрия мәліметтерін қолдану үшін қазақстандықтарға жақын маңдағы халыққа қызмет көрсету орталығына барып, саусақ ізін қалдыру қажет. Бұдан соң Egov.kz порталының барлық қызметін биометрияның көмегімен пайдалана алады. Биометрия мәліметтерін бергісі келмейтін азаматтарға электрондық мемлекеттік қызметтерді электрондық цифрлық қолтаңба, SMS-хабарлама немесе халыққа қызмет көрсету орталықтарына келу арқылы ала алады.

Айта кету керек, дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы заңнама аясында 2021 жылдан бастап қазақстандықтар өз биометрия мәліметтерін тапсыруға міндетті болады.

ДереккөзSputniknews.kz