Денис Теннің сценарийі бойынша түсірілетін фильм 2019 жылы көрсетіледі. Бұл туралы Ресей кинорежиссеры Тимур Бекмәмбетов мәлімдеді.
Мәнерлеп сырғанаушы қайғылы қазаға ұшырарынан алты күн бұрын Тимур Бекмәмбетовтің Bazelevs Production кинокомпаниясы ұйымдастырған сценарийлер байқауына қатысқан еді. Денис Тен жартылай финалға өтіп, режиссерға өзінің сценарийін таныстырып үлгерген.
Спортшының қазасынан соң Тимур Бекмәмбетов Денистің сценарийі бойынша фильм түсіретінін хабарлады.
Мен Қазақстанға барып, Денистің анасымен кездесуді жоспарлап отырмын. Бізді жеткілікті қаражат бөлген демеушілер қолдап отыр. Бұл фильм қалайда түсіріліп, уәде бергеніміздей келер жылы экранға шығады. Денистің арманы орындалады, — деді режиссер.
Картинаға Денис Тен атындағы қор продюсерлік етеді. Спортшы Screenlife форматында (іс-әрекет тек компьютер экранында болады) фильм түсірмек болған еді. Оның хикаясы саңырау қыз бен тілі жоқ жасөспірімнің қарым-қатынасы туралы.
Денис Тен 2018 жылдың 19 шілдесінде Алматыда автоұрылардың қолынан қаза тапты. Күдіктілер оның көлігінің айнасын ұрламақ болған. Олардың бірі салған пышақ жарақатынан спортшы бірнеше сағаттан соң операция үстелінде қайтыс болды. Денис Тенді өлтірді деген күдікпен үш адам ұсталып, тергеліп жатыр. Олар — Нұралы Қиясов, Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева. Соңғысы қылмысты полицияға хабарламағаны үшін жауапқа тартылып отыр.