Қостанай облысында көмір өндірілетін болады

Қостанай облысында келер жылы көмір өндіріледі. Әулиекөл ауданына қарасты Құсмұрын кен орнында қазу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Топырақты аршу биылғы ақпан айында басталған. Қазір тереңдік 11 метрге жетті. «Негізгі пайдалы қазба 35 метр тереңдікте жатыр, оның жалпы қоры – 500 млн тонна», — дейді мамандар. Өндірісте бүгінде 89 жұмысшы бар. Оның дені жергілікті мамандар бәрі де біліктілік курстарынан өткен. Кен орнына 34 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып отыр. Мұның сыртында құны 11 миллиард долларлық көмірді терең өңдейтін зауыт салу жоспарда бар. Толық қуатына көшкенде мұнда жылына 5 млн тонна көмір өндірілмек.

Нұржан Жетпісов, кәсіпорын директоры:

— Қостанай энергияға тапшы облысқа жатады. Өзінде көмір өндірілмейді. Отынның бұл түрі негізінен Екібастұз бен Қарағандыдан тасымалданады. Оның бағасы да жоғары болатыны түсінікті. Өзімізде өндірілген көмір жергілікті тұрғындар үшін екі есе арзанға түседі. Ал сапасы жөнінен сырттан келетін отыннан айырмасы жоқ.

Дереккөз24 Хабар