«Балапан» телеарнасы «Сезім қаласы» атты жаңа телебағдарламаны көрсетеді

«Қазақстан» РТРК» АҚ «Балапан» телеарнасының «Сезім қаласы» атты жаңа телебағдарламасы көрерменге жол тартады. Бағдарлама балаларды оқуға, санауға үйретеді, олар ойын ойнай отырып қазіргі қоғамдағы негізгі нормалар мен құндылықтар, мінез-құлықтың жақсы әрі жаман тұстары туралы біліп, мәселені бейбіт жолмен шешуді меңгере алады.

Сезім қаласы
Фото: «Балапан» телеарнасы

Бағдарламаның мақсаты — Cезім қаласы тұрғындарының күнделікті тіршілігін көрсете отырып, балаларды мейірімді, бауырмал болуға шақыру, көңілді ән мен би арқылы және түрлі тосын әрекетпен көңіл-күйлерін көтеру.

Сезім қаласы
Фото: «Балапан» телеарнасы

Бағдарлама студияда түсіріледі. Әр санында түрлі тақырып қозғалып, балалардың танымын кеңейту мақсатында, оқиғалар арқылы денсаулық сақтауға, салауатты өмір салты мен әріпті тану, есеп шығару және ойын түрлері түсіндіріледі.

Қозғалған тақырыпқа байланысты әндер шығарылып, арнайы билер қойылады. Келген қонақтар да тақырыпқа сай пікірлерін айтып, репертуарларындағы үздік әндерін шырқайды.

Мемлекет басшысының жарлығымен ашылған «Балапан» телеарнасы сегіз жыл көлемінде кішкентай көрермендерінің көзайымына айналып үлгерді. Осы уақыт аралығында «Балапан» телеарнасы ұлт тәрбиесіне, патриотизмге, жаңа ұрпақтың қалыптасуына үлес қосып келеді.