Басты бетТанымШөл даладағы...

Шөл даладағы жазира немесе Жібек жолын жалғаған Қызылқала

X-XIII ғғ. қала орны саналатын Қызылқаланың аумағы жеті жүз метрге (солтүстіктен оңтүстікке санағанда), ал ені төрт жүз метрге дейін созылады. Мамандардың айтуынша, мұнда 13 мұнара болыпты, әрқайсының ұзындығы 6 метрге жетіпті. Жалпы, Қызылқала әу баста керуен сарай болды деген ақпарат бар.

Қызықаланың тарихы

Х ғасырда Хорезм мемлекеті маңындағы елдімекендер дамиды және Еділ өңіріндегі жұрттармен екі ортадағы сауда өркен жаяды. Міне, осы жолдың бойында Қызылқала бой көтереді.

Қаланың орнына жақын тұста Шерқала тауы тұр. Бір деректер, нағыз Қызылқала сол жерде болған дейді. Алайда кей ғалымдар «Шерқала — Қызылқаланы қарауылдайтын садақшылардың бекінісі ғана» деген пікірде, себебі бұл тауда үй құрылысы жоқ. Жалпы, таудың өзі — тұрып, өмір сүруге қолайсыздау жер.

Қызылқала қабырғаларының қалыңдығы 3, биіктігі 5 метр болыпты. Осы уақытқа дейін қаланың үш бөлігі зерттелген және көптеген жәдігер табылған. Бұл Қызылқаланың басқа қалалармен тығыз байланыста екенін байқатады. Ұлы Жібек жолының солтүстік арқылы жүретін бір тармағы осы Қызылқалан басып өтіп, Сарайшыққа, одан кейін Шығыс Еуропа елдеріне жалғасқан секілді. Археологтар қазып алған жатжерлік заттар, шыны ыдыс-аяқ — соның дәлелі.

Қызылқала жәдігерлері

Қызылқаладан табылған алуан түрлі заттар, мысалы, 30 литрлік бидай сақтайтын ыдыс, қазандар, Орта Азия, Қытай мен Парсыдан келген бағалы бұйымдар, күміс, қола теңгелер мен әшекейлер — мұның бәрі осы күні Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр.

Қызылқалада егіншілік пен қолөнер дамыған. Ал тұрғындар кірпіш күйдіріп, одан күнделікті тұрмысқа қажетті түрлі ыдыс жасаған.

Қазба жұмыстары кезінде табылған құнды жәдігерлердің бірі — зергерлік бұйымдар жасағанда, алтын мен күмісті балқытқанда, ыстық құйманы ұзақ уақыт сақтай алатын ыдыс. Оны басқаша «сфероконус» деп те атайды. Сфероконус — жоғары температураға шыдайтын қыш тәрізді балшықтан жасалған кішкентай ыдыс. Бір қызығы, ғалымдар бұл ыдыстың құпиясын толық аша алмады.

Сонымен қатар Қызылқалада қоладан бұйымдар жасаған көне мәдениет пен арнайы құралдар қолданған жаңа заман мәдениеті қатар өркендеген.

Қала қабырғалары XX ғасырдың 30-жылдарына дейін бүтін тұрады, алайда ұжымдастыру кезінде құрылыс материалдары ретінде қолданылып, талан-таражға түседі.

Қаланың іргесіндегі Ақмыш бұлағы әлі ағып жатыр. Бір деректер бойынша, бұл аймақта қалың тоғай өсіпті. Аң-құс сүйегі де табылған. Шөлейтті Маңғыстау өңірі үшін сулы жер — сирек өңір.

1220-1221 жылдары Шыңғыс хан әскерлері Хорезмді талқандаған соң керуен жолы бағытын өзгертеді. Азия мен Еуропа сауда байланысы уақытша бұзылады. ХІІ ғасыр соңында Каспий теңізінің деңгейі 25-27 метрге дейін көтеріліп, керуен жолының бағыты тағы да өзгерді. ХІІІ ғасырда негізгі сауда жолдарындағы қозғалыс тоқтаған соң Қызылқаладағы тіршілік те мәнін жоғалтады.

Сондай-ақ Қызылқала орнынан көне түркі сына жазуы табылды. Ғалымдар ол Хазар-Оғыз бен Орхон-Енисей-Талас жазуларының арасындағы уақытта пайда болған дейді.

Археолог Андрей Астафьевтің жазуына қарағанда, қала екі рет шапқыншылыққа ұшырапты. Оған қазба жұмыстары кезінде табылған қару-жарақ дәлел. Археологтың айтуынша, Қызылқаланың тағы бір атауы Мыңқышлақ болуы мүмкін. ХІ ғасырдың соңында қоршауға түсіп, ХІІ ғасыр басында қираған қала ұзақ уақыт бойы белгісіз болып келеді.

Айтпақшы, Қызылқала Авраам Крескестің 1375 жылғы Каталон атласында да және Венеция картографтары, ағайынды Франциск пен Доминик Пицциганилердің 1386 жылғы картасында да бар.