Нұрсұлтан Назарбаев жастарды «Жас сарбаз» қозғалысына мүше болуға үндеді

Нұрсұлтан Назарбаев «Жас сарбаз» балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің тәрбиеленушілерімен кездесті.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы ұлттық әскери-патриоттық орталыққа барып, «Отан, Елбасы, Жас сарбаз» атты мерекелік іс-шараға қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаев іс-шара басталар алдында әскери-патриоттық орталық музейінің экспозицияларымен танысты. Онда Қазақстан армиясына арналған әскери суретшілер студиясының туындылары мен «Орбұлақ шайқасының» диорамасы қойылған, сонымен қатар 3D-mapping шоу технологиясы қолданылған проекциялық көрме ұйымдастырылған.

Президент шараға қатысушылардың бәрін өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейтін «Жас сарбаз» қозғалысының құрылуымен құттықтады.

Жақында жарияланған Жолдаудағы маңызды мәселелердің бірі — патриоттық тәрбие беру ісі. Егер біз Отанымызды қорғай алмасақ, онда тәуелсіздіктің 27 жылы ішінде атқарған барлық жұмысымыздың мәні жоғалады, оның бәрі жастарымыз — біздің болашағымыз үшін.  Атқарылып жатқан жұмыстардың бәрі сіздердің өмірлеріңізді одан сайын жақсартып, Қазақстанымызды одан әрі байыта түсу үшін жасалып отыр, — деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің жастарын «Жас сарбаз» қозғалысы мүшесінің қатарына қосылуға үндеді.

«Жас сарбаз» қозғалысы еліміздің барлық өңірінде құрылуға тиіс. Жастар осы қозғалыстың қатарынан табылуы қажет. Сондықтан дене шынықтырумен айналысып, әскери мамандықтарды меңгерген жөн. Бұл қозғалыс Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, патриоттар тәрбиелеу ісіне белсенді атсалысуы керек. Сонда ғана сіздер өз халқыңыздың тірегіне айналасыздар, — деді Қазақстан Президенті.

Назарбаев "Жас сарбаз" мүшелерімен
Фото: Аkorda.kz

Мемлекет басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаланың қазақстандық патриотизмді күшейту ісіндегі ерекше маңызын және Қазақстан қоғамының гүлденуі үшін тұрақтылық пен ұлтаралық келісімді сақтау қажет екенін айтты.

Елімізде көптеген этнос өкілі тұрады. Біз бәріміз де — Қазақстан азаматтарымыз. Бай тарихымыздың арқасында төзімділік пен құрметтеуді бойымызға сіңірдік. Бұл құндылықтар Қазақстанды біріктіреді, мемлекетті қуатты және сыйлы мемлекетке айналдырады. Сондықтан Отанымыздың патриоты болу — баршамыздың парызымыз, — деді Президент.