Жүрекке 3 мыңнан астам операция жасаған Дмитрий Горбунов
«Болашақ» бағдарламасы бойынша алған білімі:
1994-1998 жылдары ол Фрайбургтегі Альберт Людвиг атындағы университетте оқыды.
Қазір Астанадағы «Кардиохирургия ұлттық ғылыми орталығында» балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі.
Жетістіктері:
- «Болашақ» бағдарламасының алғашқы стипендиаттарының бірі.
- 2004 жылы 7 сәуірде Астанадағы ең алғашқы кардиохирургиялық операцияға қатысты.
- 2009 жылы Қазақстандағы тұңғыш кардиохирургиялық клиниканы құруға қатысты.
- Жүрекке және негізгі қан тамырларына жалғыз өзі 3 мыңнан астам операция жасады.
- 2013 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды.
80 ғылыми жұмыс жазған Айгүл Қарабаева
«Болашақ» бағдарламасы бойынша алған білімі:
Академик И.П.Павлов атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік медициналық университетінде хирургия бойынша 2005-2008 жылы докторантурада оқыған.
Қазір ол — Алматыдағы кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу орталығында нефрология орталығының басшысы.
Жетістіктері:
- Жоғары санатты нефролог-дәрігер.
- Медицина ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор.
- Ресей жаратылыстану академиясының корреспондент-мүшесі.
- Өнертабысы үшін 2 патент алған, Альфред Нобель медалінің иегері.
- Отандық және шетелдік рецензияланған басылымдарда, соның ішінде рейтингі жоғары WebofScience және Scopus басылымдарында 80 ғылыми жұмысы жарияланған.
- Халықаралық конференцяларда 20-дан астам баяндама жасады.
Талай пациенттің жұлынына операция жасаған Марат Саршаев
«Болашақ» бағдарламасы бойынша алған білімі:
2010-2012 жылдары Ресей дипломнан кейінгі білім беру медициналық академиясының клиникалық ординатурасында нейрохирургия мамандығы бойынша білім алды.
Қазір Алматыдағы Орталық клиникалық ауруханада нейрохирург және бірінші санатты нейроинтровент.
Жетістіктері:
- 2015 жылы «Үздік жас дәрігер» атағына ие болды.
- 2017 жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» бағдарламасының тізіміне кірді.
- Мидың қан тамырларына эндоваскулярлық және микронейрохирургиялық операциялар жасады, омыртқасы мен жұлыны ауыратын пациенттерге хирургиялық ем жасап келеді.
Жыл сайын 500 баланың өмірін құтқаратын Гүлжан Сәрсенбаева
«Болашақ» бағдарламасы бойынша алған білімі:
Ресейдегі А.Н.Бакулев атындағы Жүрек-қан тамырлары хирургиясы ғылыми орталығында білім алды.
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында директордың ғылым мен стратегиялық даму бойынша орынбасарының міндетін атқарушы болып қызмет етеді.
Жетістіктері:
- 2011 жылы педиатрия орталығының базасында кардиохирургия бөлімін ұйымдастыруға қатысты.
- 2012 жылы балалар кардиохирургиясы мен интервенциялық кардиология бөлімін ашты. Қазір бұл бөлімше жыл сайын жүрек пен қан тамырлары ауруларына 500-ден астам операция жасайды.
- Қазақстанның басқа аудандарына туабітті жүрек ақауы бар балаларды емдеу, алғашқы көмек көрсету бойынша мастер-кластар өткізеді.
- Жүрек ақауларына ультрадыбыстық диагностика жасайтын санаулы кардиохирургтің бірі.
Операциясы мен ғылыми еңбегі әлемге танылған Тілеуберді Қуандықов
«Болашақ» бағдарламасы бойынша алған білімі:
2010 жылы АҚШ-тың Джонс Хопкинс университетінде анестезиология және реаниматология бағыты бойынша ғылыми тағылымдамадан өтті.
Қазір Алматыдағы А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының анестезиология және реаниматология бөлімінің меңгерушісі.
Жетістіктері:
- 2017 жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанды.
- 2011 жылы Қазақстанда алғаш рет ересек науқасқа туыстық бауыр трансплантациясы бойынша операция жасады.
- 2014 жылы «Алтын адам» сыйлығын иеленді.
- 2016 жылы Қазақстанда алғаш рет балаға бауыр ауыстыру операциясынан кейін емді сәтті аяқтады.
- Ғылыми зерттеулерінің нәтижесі Швейцария, Швеция, Қытай, Үндістан, Ресей елдеріндегі ірі ғылыми форумдарда баяндалды.
Шала туған нәрестелерге өмір сыйлаған Беркін Тұрқұлов
«Болашақ» бағдарламасы бойынша алған білімі:
2010-2012 жылдары А.Н.Бакулев атындағы жүрек-қан тамырлары хирургиясы ғылыми орталығында жүрек-қан тамырлары хирургиясы мамандығы бойынша білім алады.
Қазір ол — Алматыдағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында балалар кардиохирургі.
Жетістіктері:
- 2013 жылдан бері туабітті жүрек ақауы бар балаларға 400-ден астам операция жасап, 800-ден астам операцияға ассистент болды.
- Туабітті жүрек ақаулары бар сәбилерге операция жасайтын ең жас балалар дәрігері.
- Салмағы бір келіге жетпейтін шала туған нәрестелерге ашық операциялар жасады.
- «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы.
- Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында Ресей, Италия, Корея, Швейцария мамандарымен бірлескен операция жасады.
Бауыр алмастыру бойынша тәжірибесі мол Мақсат Досханов
«Болашақ» бағдарламасы бойынша алған білімі:
Ресей дипломнан кейінгі білім алу медициналық академиясында оқыды.
Қазір А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының гепатопанкреатобилиарлық хирургия және бауыр трансплантациясы бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты хирург-дәрігер.
Жетістіктері:
- 2011-2016 жылдары А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында бауыр, өт жолдары мен ұйқы безі аурулары бойынша көп операция жасады.
- 2011 жылы елімізде бауыр трансплантациясы бойынша тұңғыш бағдарламаға қатысушылардың бірі болды.
- Беларусь, Түркия, Корея, Жапония елдерінде бауыр алмастырудан тәжірибе жинады.