Жарыстың үшінші кезеңінде Қазақстан әйелдер құрамасы жарыстың ең мықты командаларының бірі – Болгария құрамасымен қарсылас болды. Осы кезеңнің нәтижесінде Қазақстан қыздар құрамасы 3-1 есебімен жеңіске қол жеткізді. Ал құрама мүшесі Жансая Әбдімәлік жеке есеп көрсеткіші бойынша Италия және Бразилия өкілімен бірінші орынды бөлісіп отыр.
Ерлер құрамасы үшінші кезеңде Хорватиялық гроссмейстерлермен кездесті. Спорт сарапшылары мен букмекерлік кеңселер хорват шахматшыларын көшбасшы деп санағанымен, отандастарымыз олармен тең түсті:
Азамат Өтеғалиев – Младен Палач.
Ринат Жұмабаев – Иван Сарич.
Әнуар Исмағамбетов – Хровже Стевич.
Петр Костенко – Зденко Косул.
Естеріңізге салайық, Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы Бакуде 1 қыркүйекте басталды. Әлемнің 176 елінен 3100 спортшы жиналған жарыс екі аптаға созылады.