Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Ақназар Қажымұрат ACT және SAT Subject Test халықаралық емтихандарынан ең жоғарғы балл жинады (36 балдан — 36, 2400-ден 2400 балл).
ACT (Americian College Testing) емтиханын АҚШ оқушыларының көбі жоғары оқу орындарына түсу үшін тапсырады. Беделді оқу орындары тестілеуден 30-36 ұпай жинаған түлектерді қабылдайды. Америкада тест тапсырғандардың 0,1%-ы ғана барлық 36 сұраққа дұрыс жауап берген. Ал басқа елдерде бұл емтиханды 100% мүдірмей өткендер саны саусақпен санарлықтай. ACT-ның орта композиттік ұпай көрсеткіші — 21,1. Ал SAT Subject Test емтиханы әдетте, АҚШ-тың беделді оқу орнына түсу үшін белгілі бір профильді пән бойынша тапсырылады. Тест оқушының бес бағыттағы білім деңгейін (өз таңдауы бойынша) анықтауға бағытталған.
Ақназар математика, физика, биология пəндерінен тест тапсырып, əр пəннен ең жоғары 800 ұпайдан жинаған. Бұдан басқа, оқушының IELTS халықаралық емтиханынан алған нəтижесі 8,0 болды.
Зияткерлік мектептің болашақ түлегі оқуын Гарвард университетінде жалғастыруды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда қабылдау комиссиясының шешімін күтіп жүр. Бүгінде Ақназардың есімі жас таланттардың арасында кеңінен танымал. Оның дипломдары мен медальдарынан коллекция жинақталған. Олардың арасында Жəутіков жəне Эйлер олимпиадаларынан, Ресейде, Қытайда жəне тағы басқа жарыстарда алған марапаттары бар. Бейжіңде өткен S.-T. Yau High School Science Awards атты əлемнің күрделі олимпиадасындағы жеңісі оның математикадағы қабілетінің жоғары екенін дəлелдеді. 2017 жылдың жазында Индонезияда физикадан өткен халықаралық олимпиадада қазақстандық вундеркинд тағы да жеңіске жеткен. Биыл ол APHO 2018 ХІХ Азия олимпиадасында алтын жүлдеге ие болды.
Сонымен қатар Ақназар осы жылы Таиландта өткен Жер туралы ғылым IESO 2018-де күміс жүлдені иеленді. Физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы математика бойынша ғылыми еуропалық конгрестердің, симпозиумдардың қатысушысы.