Бақытжан Сағынтаев Си Цзиньпинге Қазақстан Президентінің сәлемін жеткізді

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барды. Бейжіңде оны ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин қабылдады.

ҚР Үкіметі басшысы баспасөз қызметінің хабарлауынша, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен ресми кездесу барысында Бақытжан Сағынтаев ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жылы лебізін және Мемлекет басшысының оны 2019 жылы ресми сапармен Қазақстанға шақыруын жеткізді.

Қытай Төрағасы ҚР Президентіне сәлемін жолдап, мемлекетаралық қарым-қатынастардың жоғары деңгейде екенін, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан зор жетістіктерге қол жеткізгенін, Қытай Қазақстан халқының егемен жолымен жүруге деген талпынысын қолдайтынын айтты.

Си Цзиньпин «Белдеу және жол» бастамасының бесжылдығына да назар аударды. ҚХР Төрағасы бағдарламаның идеясы 2013 жылғы 7 қыркүйекте Астанадағы Назарбаев университеті алаңында айтылғанын еске салып, оны Нұрсұлтан Назарбаевпен бірлесіп ұсынылған бастама деп санайтынын жеткізді.

Инфографика Primeminister.kz
Инфографика: Primeminister.kz