Талдықорған әкімдігі батыр аналардың шағымына қатысты пікір білдірді

Талдықорған әкімдігі көпбалалы аналардың пәтер кезегінің фальсификациясы туралы шағымына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қараша айының басында Талдықорған әкімдігіне көпбалалы аналар келіп, 10 жылдан бері кезекте тұрса да, пәтер ала алмай жүргені жайлы арызданған болатын. Осыдан кейін Талдықорған әкімінің өкімімен аталған мәселені анықтау мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылды. Арнайы топ мүшелері көпбалалы аналардың өтінішінің қорытындысын арызданушылардың, БАҚ өкілдері мен қоғам белсенділерінің алдында жариялады.

Жұмыс тобының төрағасы — Талдықорған әкімі Дастан Шалтабаев отырысты ашып, тұрғындардың кез келген өтініші жергілікті атқару органдары тарапынан заманауи тұрғыда қарастырылуы керек екенін айтты.

Көпбалалы аналар өз мәселелерімен маған өтініш білдіріп келген күннен бастап, менің өкімімен арнайы жұмыс тобы құрылған болатын. Топ құрамына менің екі орынбасарым, бірнеше бөлім басшылары және жұмыс барысында қажет деп тапқан орган қызметкерлері шақырылды. Бүгін аталған жұмыс тобы өз жұмысын аяқтап, істелген жұмыстың қорытындысын жариялауға дайын. Сол үшін барлығыңызды жинап отырмыз, — деді қала басшысы.

Бұдан кейін арнайы жұмыс тобы көпбалалы аналардың құжатын қарау барысында мәлім болған фактілерді жариялай бастады. Айтылған фактілерге қарағанда бірнеше азаматшаның өз жағдайын қолдан мүшкіл етіп көрсетіп отырғаны белгілі болды. Атап айтқанда, алтын және күміс алқаларынан «бас тартқан»  Динара Мәстекованың әлеуметтік баспана кезегіне тұрғанына дейін бірнеше жылжымайтын мүлкі болған. Оның ішінде пәтер, жер телімдері, коммерциялық нысандар да бар. ҚР заңнамасына сәйкес, бұл азаматша мұндай меншіктері болғандықтан кезекке тұра алмауы керек.

Сонымен қатар Мадина Тәуірбаева, Жанар Бейсенбаева, Эльмира Смағұлова және Айгүл Исаеваның бұған дейін мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алып, сол пәтерде тұрып жатқаны анықталды. Ал бұл факт олардың екінші рет пәтер алуға мүмкіндігі болмайтынын білдіреді. Ал басқа азаматшаларға пәтер кезек бойынша берілетіні түсіндірілді.

Ал прокуратура мен мемлекеттік істер жөніндегі департамент қызметкерлері көпбалалалы аналардың әрқайсының ісін мұқият қарап, өтініштеріне сәйкес жауап берілетінін айтты.

Еске сала кетсек, бұған дейін БАҚ беттерінде Талдықорғанда күміс және алтын алқа иелері өз наградаларынан бас тартып, әкімдікке тапсырғаны жарияланған еді. Қала әкімдігі қызметкерлерінің айтуынша, бірде-бір алқа ғимаратта қалдырылмаған. Барлығы көпбалалы аналардың қолында.