Басты бетЖаңалықтарАлматыда отандық...

Алматыда отандық медианарықтың өзекті мәселелері талқыланды

Арнайы панельдік пікірталас соңғы жылдары үлкен маңызға ие болып отырған қазақ тіліндегі БАҚ-ты дамыту мәселесіне тағы да көңіл аударды. Қатысушылар «Мемлекет қазақ тіліндегі ақпарат құралдарын дамытуға елеулі қаржы жұмсап отырса да, неге ол нарық талабына сай қадам баса алмай отыр? Жарнамаға бөлінетін уақыт пен алаңды сатудың маркетингтік стратегиясы неге жоқ?» деген сұрақтарға жауап іздеді.

Құрылтайда БАҚ жұмысының тиімділігіне талдау жүргізуге арналған дүниежүзі мойындаған технология — Chartbeat сервисін Қазақстанда іске қосу аясында шеберлік сабағы өтті. Конференцияда Нью-Йорктен келген Chartbeat командасы қазақстандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін көтеруге арналған жүйенің мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі түсіндіріп, халықаралық басылымдардың табысты кейстерін жария етті.

Конференцияға «Цифрлық дәуірдегі бұқаралық медиа: өлше де, үстем бол» тақырыбы кездейсоқ таңдалып отырған жоқ. Жаппай цифрлық теxнологияға көшіп жатқанда медианың тиімділігін дәл әрі нақты өлшеу БАҚ-тың бизнес-стратегиясына тікелей әсер етеді, — дейді ұйымдастырушылар.

Media құрылтай
Фото: Қазақстан баспасөз клубы

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында инновациялық даму алаңдарын қолдау мен байланыс желілерін және АКТ инфрақұрылымын кеңейту міндеттелген еді. Құрылтайда бұл міндеттің орындалуын іске асыруға байланысты ұсыныстар айтылды.

Ал Factcheck.kz командасы фактчекингке арналған шеберлік сабағын өткізді. Медиамамандар жалған аккаунттар мен фотосуреттерді тануға арналған жаңа құралдарды, ашық деректермен жұмыс жасау технологияларын ұсынды.

Медиақұрылтай медиа саласындағы ең басты оқиғалардың біріне айналып үлгерді. Біздің міндетіміз – бар мәселелердің бетін ашып, шешімдер тауып, келісімге келу, медиа саласының ашықтығы мен кәсіби деңгейін көтеру. Бұрынғысынша пікірталастар мен талқылау  аясында біз медианарықтың ең өзекті деген мәселелеріне басты көңіл бөліп отырмыз, — дейді Қазақстан баспасөз клубының президенті Әсел Қарауылова.

Шара аясындағы «Қазақстанның медианарығы: жыл сайынғы тексеру және диагностика» тақырыбына арналған отырыс дәл осы мәселелерге арналған. Онда Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің өкілі Бекзат Рахымов, Қазақстан Медиа Альянсы» қоғамдық ұйымының басқарма төрағасы Арманжан Байтасов, «Құқықтық медиаорталық» қоғамдық қорының директоры Диана Окремова және басқа да сарапшылар Қазақстан қоғамының жалпы әлеуметтік-экономикалық өмірі аясында медианарықта болып жатқан өзгерістерді талқылады.