Chartbeat аналитикасын тегін қолданатын 25 БАҚ анықталды

Chartbeat аналитикасын тегін енгізу үшін БАҚ арасында жүргізілген байқау аяқталды. Енді қазақстандық 25 онлайн басылым оқырмандар аудиториясын егжей-тегжейлі талдауға мүмкіндік беретін жүйені алғаш болып қолданады.

Қазақстан баспасөз клубының хабарлауынша, жобаға қатысуға республикалық және өңірлік БАҚ-тан 50-ден аса өтінім келіп түсті. Қазақстандық медиасарапшылардан тұратын Қамқоршылар кеңесі өтінімдерді бағалап, ең лайық үміткерлерді іріктеп шықты. Онлайн басылымдар нарықтағы жұмыс тәжірибесі, сайттағы күнделікті жарияланымдар саны, жарияланымдарда діни және қылмыстық тақырыптардың болмауы сияқты өлшемдер бойынша бағаланды.

Ұзақ уақытқа созылған қызу талқылаудан соң Қамқоршылар кеңесінің мүшелері дауыс беру арқылы жобаға қатысатын 25 онлайн-басылымды анықтады. Олар — Астана мен Алматыдағы ғана емес, сонымен бірге өңірлердегі әртүрлі тақырыпта, бағытта, әртүрлі тілде шығатын, әртүрлі аудиториямен жұмыс істейтін БАҚ. Таңдап алынған БАҚ — Қазнеттің жағдайын көруге мүмкіндік беретін қазақстандық онлайн медианың кесіндісі. Жобаға қатысу арқасында олар өз аудиториясын жақсы түсініп, онымен жақсырақ өзара әрекеттесіп, сәйкесінше жарнама берушілерді кеңінен тартып, кіріс көзін арттыруға мүмкіндік алатындығына сенімдімін, — деді жобаның Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Михаил Дорофеев.

Байқау финалына шыққан БАҚ тізімін мына сілтемеден көруге болады. Іріктеуден Baribar.kz порталы да өтті. 

21 қараша күні Алматыда қазақстандық ақпарат құралдары нарығын дамыту мәселелеріне арналған XI «Media Құрылтай-2018» республикалық конференциясы аясында медиақауымның Chartbeat өкілдерімен кездесуі өтеді.

Іріктеуден өткен 25 онлайн-басылым енді Ортақ есептегішті (панель) құрады, сол арқылы жарнама берушілер сайттың танымалдығы жайлы сенімді ақпарат ала алады. Жобаға қатысушылар Ортақ есептегіште қандай көрсеткіштердің көрсетілетінін дауыс беру арқылы өздері шешеді.

Озық онлайн-метриканы қолдануға арналған жоба Қазақстанда 2018 жылдың қазанында іске қосылды. Жоба операторы — Қазақстан баспасөз клубы. Жоба Қазақстандағы АҚШ елшілігі арқылы Инновациялар қоры есебінен қаржыландырылады. Жоба іріктеуден өткен 25 БАҚ-қа бір күнтізбелік жыл ішінде Chartbeat құралдарын тегін қолдануға мүмкіндік береді. Екінші жылы Chartbeat жобаның бірінші жылына қатысқан 25 БАҚ-қа 70%-дық жеңілдік ұсынады. Оның үстіне, жобаға қатысушылар компания өкілдерінен кеңес алып, оқудан өте алады.