Астанада жол-көлік оқиғаларын болдырмау шаралары жүргізіліп жатыр

Өткен аптада үш жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан үш адам жарақаттанды. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз қызметі полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Жол-көлік оқиғасы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол жүру ережелерін сақтамауынан болған.

Аппараттық-бағдарламалық «Сергек» кешенінің көмегімен бір аптада жалпы сомасы 41 миллион 790 мың теңге болатын 8719 құқықбұзушылық тіркеліп, өңделді. Төленген айыппұлдың мөлшері — 9 миллион 526 мың теңге.

Полиция департаменті мен «Астана LRT» ЖШС бірлесіп қоғамдық көлік жүргізушілерінің жол жүру ережесін, жолаушылар мен багаж тасымалдау ережелерін бұзуды болдырау шараларын жүргізіп келеді. Жол жүру ережесін жиі бұзатын көлік жүргізушілерінің ережені қаншалықты білетіні қайта тексеріледі. Осы жылы жол ережесі бойынша 104 жүргізуші емтихан тапсырса, олардың 73-і сынақтан өте алмаған.

9-11 қараша аралығында «Мас жүргізуші — қылмыскер» жедел профилактикалық іс-шарасы өтті. Шара кезінде жол ережесін бұзудың 814 фактісі анықталды. Олардың 43-і көлік жүргізушісінің алкогольді ішімдік ішкенінен болған.

14-16 қараша аралығында «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы өтті. Онда жол ережелерінің 1 288 рет бұзылғаны анықталды. Көлікті алкогольді ішімдік ішкен күйде жүргізу, жол қиылысына қатысты ережені бұзу, рұқсат берілген жылдамдықтан асыру, басып озу ережелерін бұзу, қарсы жолға шығу, жаяу жүргіншілер жол қиылысынан өтіп кету, қауіпсіздік белдігін пайдаланбау және автокөлік жүргізушісінің телефонмен сөйлесуі сияқты заңбұзушылықтар тіркелген.

Балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын болдырмауға байланысты жұмыс та жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта бес мектептің аудмағында біржақты жол қозғалысы енгізілді Олар: №73,65 мектеп, №1 лицей, Республикалық физика-математика мектебі және Халықаралық мектеп. №72 мектеп жанында қосымша көлік тұрақ орындары ашылды. №75 мектеп жанында жаяу жүргіншілерге арналған тротуар төселіп, тиісті белгілер қойылды.

59 білім беру нысанының жанында жол белгілерін орнатудың жаңа модернизацияланған сызбалары бойынша техникалық құралдар орнатылып жатыр. Нысандар қатарында мектептер, балабақшалар және қосымша білім беру, дамыту орталықтары бар.