Алаяқтар қазақстандықтарды Чехияда заңсыз жұмысқа орналастырып жатыр. Бұл туралы брифинг барысында Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров айтты.
БАҚ-тар Қазақстанның кейбір азаматтарының «шетелде жоғары жалақы беретін жұмыс тауып беремін» деген халықаралық деңгейдегі алақтардың құрбаны болғаны жайлы хабар таратқан еді.
Осындай ұсыныстарға сенген қазақстандықтар Ұлыбританияда жұмысқа тұру үшін қомақты сомада қаражат аударған. Бірақ соңында олар жұмыссыз қалған. Алаяқтардың осы әрекеттерінен шамамен 20 адам зардап шеккен. Олар Қазақстандағы жалған фирмалар арқылы туристік визалар алып, Чехияға ақша табуға барған. Еліміздегі жалған туристік фирмалар ұсынған виза Чехияда жұмыс істеуге құқық бермейді және оны созуға немесе қайта рәсімдеуге болмайды, — деді Айбек Смадияров.
Қазіргі уақытта осындай жағдайға тап болған қазақстандықтар енді қайтуға билет ала алмай отыр. Осыған байланысты министрлік өкілдері қазақстандықтарға шетелде жұмысқа орналасу үшін фирмаларға өтініш бергенде мұқият болуды және туристік фирмалар жасатқан визаның Еуропа елдерінде жұмысқа орналасуға қолданылмайтынын есте сақтауды ескертеді.