Бақытжан Сағынтаев әкімдерге энергия үнемдеу бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды

Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Инвестициялар және даму министрлігіне және облыс әкімдеріне энергия тұтынуды төмендету бойынша тапсырмалар берді. Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазіргі уақытта өнеркәсіп салаларының энергия сыйымдылығын төмендету бойынша тек жалпы деректер бар. Бұл тетік оны қадағалау процесін — өнімді өндіру барысында энергияны тұтыну төмендеді ме немесе тек өндіру төмендеп, соның салдарынан энергия таратушыларды тұтыну азайды ма — соны бақылауды қиындатады.

Осыған байланысты Премьер-министр Инвестициялар және даму министрлігіне әрбір өнім бірлігіне энергияны тұтынуды төмендету алгортимін әзірлеуді тапсырды.

Сонымен қатар мемлекеттік энергетика тізілімінде 5 198 субъектіден тек 710-ы заңды тұлға, ал қалғандары квазимемлекеттік сектор, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорындағы компаниялар екенін ескере отырып, олар энергия тиімділігін арттыру бойынша жұмыстарды жолға қоюы тиіс.

Бақытжан Сағынтаев облыс әкімдеріне инвесторлармен және энергия сыйымдылықты кәсіпорындармен жұмысты жандандыруды тапсырды, оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары мен энергия үнемдеуді насихаттау назардан тыс қалмауы керек.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, өңірлерде энергия үнемдеу саласында жалпы сомасы 9,7 миллиард теңгеден асатын сомаға 4 мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы (Павлодар, Атырау, Қызылорда облыстарында) іске асырылып жатыр. 4 жоба қол қою кезеңінде, 10 жоба бойынша құжаттамаларды әзірлеу және серіктестер іздеу жүргізіліп жатыр. Басқа облыстарда энергия үнемдеу саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары жүзеге асырылып жатқан жоқ.