Тариф негізсіз көтерілген: алматылықтарға 4,7 миллиард теңге қайтарылады

Алматыда монополистер коммуналдық қызметті тұтынушыларға жалпы көлемі 4,7 миллиард теңгеге жуық өтемақы төлеуге міндеттелді.

Қалада жылу, электр қуаты, су және кәріз жүйесінің тарифтері жылдың соңына дейін бұрынғы деңгейде қалады, ал газға, тіпті, 4%-ға төмендейді. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясының қалалық кеңсесінде өткен саяси кеңесте белгілі болды.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек коммуналдық қызметтерге тариф қалыптастыру жүйесі қала тұрғындары арасындағы ең өзекті мәселелердің бірі екенін және ол басқарушы партияның тұрақты бақылауында екенін атап айтты. Бүгінгі таңда 1,5 миллионға жуық алматылық коммуналдық қызметтерді жергілікті бюджет есебінен шектелген баға бойынша алып отыр. Коммуналдық төлемдері жалпы табысының 10%-ынан асатын қала тұрғындарына тұрғын үй көмегіне қаражат бөлініп жатыр.

Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

«Мемлекет басшысы негізсіз тарифты жоғарылатуға жол бермеуге нұсқау берді. Ол тікелей адамдардың өмір сүру деңгейіне, кәсіпкерлерге, бағаларға, бәріне әсер етеді. Осы мақсатта қалалық прокуратура монополистер арасында ауқымды, жан-жақты тексеру жургізді. Негізсіз бағаларды көтеру фактілері анықталды. Қабылданған шаралар арқасында 1,5 миллионға жуық азаматтың құқығы қорғалды, 4,7 миллиард теңгеге жуық өтемақылық тарифтер енгізілді. Коммуналдық қызмет құнын арттыру үшін ешқандай да негіз жоқ. Біздің алматылықтар артық төлем жасамауы үшін кез келген негізсіз әрекет тоқтатылады. Президенттің тапсырмасы бар және ол орындалады», — деді Бауыржан Байбек.

Тариф қалыптастыру саласындағы жағдайды баяндау барысында Алматы прокуроры Берік Жуйріктаев қаланың басты қадағалаушы органдар тарапынан жургізілген тексеру барысында бірқатар монополия субъектісі жөнінде шығындардың негізсіз өсуі, оның ішінде шығындардың жасанды өсуі және инвестициялық бағдарламардың орындалмауы анықталғанын айтты.

«Біз «Алматыэнергосбытта» электр қуатын реттеу қызметіне тарифтік сметада жарияланған соманың 70%, ал амортизациялық аударымдар бойынша 30% ғана жұмсалғанын дәлелдедік, яғни, жоспарлаған 500 миллион теңгенің орнына 150 миллион теңге. Нәтижесінде үш жыл ішінде тарифқа негізсіз 1 миллиард 370 миллион теңге бөлінген. Бұл сома 2018 жылға арналған тарифты келісу кезінде шегерілген. «Алматыэнергосбыт» өз кінәсін мойындап, жауапкершілікке тартылды. «Алатау Жарық Компаниясы» болса, төтенше реттеу шараларын енгізу есебінен электр қуатын беру тарифын көтерді. Кейінірек олар бұл шараны төтенше жағдай санатына жатпайтын кішігірім авариялар мен жоспарлы жөндеу керектігімен негіздегені анықталды. Біздің талаптарға сәйкес, уәкілетті орган өз шешімінің күшін жойды. Қабылданған шаралармен 2,17 миллиард теңгеге шығындарды өтеу үшін өтемдік тарифтері енгізілді. 2,83 миллиард теңгеге болашақ шығынға жол берілмеді. Қолданыстағы тариф 5,6%-ға төмендеді», — деп хабарлады Берік Жүйрікбаев.

Қала прокурорының ақпараты бойынша сонымен қатар «КазТрансГаз Аймақ» та тексерілді. Мұнда инфестициялық бағдарламаның белгілі бір шаралары орындалмағаны белгіленді. Прокурорлық шаралардың арқасында 425 миллион теңге өтемақылық тариф енгізілді. Кәсіпорын 50 миллион теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Алматы Су» жылдан жылға өздерінің жасанды қаржылық есептерінде техникалық шығындардың екі есе артуын көрсетеді, яғни бекітілген 17,8 % орнына 35 % деп көрсетеді, демек бұл — 70 миллион текше метр су. Бұл Талдықорған және Қарағанды қалаларының ауызсуды тұтыну мөлшеріне сәйкес келеді. Сонымен қатар электр қуатын сатып алу шығындары есебінен де тариф көтерілген. Айырмашылық 400 миллион теңге болды. Одан бөлек, «Алматы электр станциясы» АҚ бойынша тарифтік сметада отын шығындарына 11,3 миллиард теңге белгіленген. Іс жүзінде бар-жоғы 10,2 миллиард теңге ғана жұмсалған. Біз 110 миллион теңгеге өтемақы тарифін енгіздік», — деді ол.

Монополияға қарсы құрылым өкілдерінің есебі бойынша Алматы тұрғындары үшін орташа есеппен бір жылда бір бөлмелі пәтер үшін 4,2 мың теңге, екі бөлмелі пәтер үшін 6,6 мың теңге, үш бөлмелі пәтер үшін 9,6 мың теңге үнемделеді.

«Тұтынушылар мұның бәрін қазан айында өз түбіртектерінен көре алады», — деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің мамандары.

Комитеттің болжамына қарағанда бұл шаралар келер жылы энергетика мен коммуналдық шаруашылықтың негізгі түрлеріне тариф қалыптастыруда өзгерістерге жол бермейді.

Жалпы алғанда былтыр Алматыда 800 шақырымдық инженерлік коммуникациялар салынып, кайта құрылды. Биылғы қыркүйекке дейін 12 шақырымдық жылу желілерін жөндеу, қолданыстағы газ құбырларын кеңейту және 120 мыңнан астам тұрғынды сумен қамтамасыз ететін жаңа су желілерін салу аяқталады.