Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығын қорытындылады

Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кеңейтілген құрамдағы сессиясына қатысты.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мемлекет басшысы кеңейтілген құрамда өткен жиын барысында Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына төрағалығы кезінде қол жеткен нәтижелер жөнінде айтты.

Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымын беделді әрі тиімді құрылым ретінде қарастырады. Мүше елдердің белсенді әрі жан-жақты қолдау көрсетуінің арқасында биыл Қазақстанның төрағалық ету ісіндегі басымдықтары табысты іске асты, — деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев жоспарға сәйкес әскери салада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының біріккен штабын құру және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Дағдарыс кезінде әрекет ету орталығының қызметіне толық кірісуі үшін әзірлік жұмыстарының аяқталғанын атап өтті. Мемлекет басшысы Қырғызстан аумағында өткен «Жауынгерлер бауырластығы — 2018» әскери оқу-жаттығуының нәтижелері жөнінде де айтты.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскери-техникалық ынтымақтастық жөніндегі мемлекетаралық комиссиясының отырысында Қару-жарақ пен әскери техниканы стандарттау жөніндегі үйлестіруші кеңес құрылды, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті еліміздің төрағалығы кезінде терроризмнен ада әлемге қол жеткізу жолын көрсететін әмбебап кодекс қабылдау туралы бастамамыздың жүзеге асырылғанын атап өтті. Бұл құжатты 70-тен астам мемлекет мақұлдаған.

Мемлекет басшысы киберқатерге қарсы іс-қимыл және заңсыз есірткі айналымымен күрес жөніндегі бірлескен жұмыстың нәтижелері жөнінде де айтты. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы серіктесінің және ұйым бақылаушысының мәртебесін заңды түрде бекіту жөнінде шешім қабылданғанын мәлімдеді.

Мемлекет басшысы сессиядан соң бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі аясында өткен кездесулердің достық әрі сындарлы сипатта болғанын айтты.

ҰҚШҰ сессиясы
Фото: Аkorda.kz

Біз мемлекеттеріміздің қауіпсіздікті нығайту жолындағы өзара іс-қимылының барлық дерлік мәселесін қарастырдық. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымын дамытудың негізгі бағыттары, сонымен бірге халықаралық және өңірлік саясаттың өзекті проблемалары жөнінде сындарлы пікір алмастық. Қазақстанның Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына төрағалық етуіне орай белгіленген басымдықтардың орындалуын қорытындыладық, — деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер тарапынан Қазақстанның осы халықаралық ұйымға төрағалық етуі кезінде атқарған жұмыстарына жоғары баға берілгенін айтты.

Бірлестіктің алдағы кезеңге арналған міндеттері мен жоспарын қамтитын Қорытынды декларация Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Астанадағы саммитінің негізгі саяси құжатына айналды. «Халықаралық террористік ұйымдар жағында қарулы қақтығыстарға қатысқан адамдарға қатысты үйлестірілген шаралар туралы» мәлімдеме қабылданды. Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының серіктесі және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы жанындағы бақылаушы мәртебелерін құқықтық ресімдеу жөніндегі біздің беларусьтік әріптестеріміз бастаған жұмысты аяқтадық. Тиісті құжаттарға қол қойылды, — деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті бүгінгі сессия қорытындысы бойынша Заңсыз миграцияға қарсы тұру жүйесін дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспары және Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің мүддесі үшін үйлестірілген ақпараттық саясатты дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілгенін айтты.

Еске салайық, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шағын құрамдағы сессиясына қатысқаны хабарланған еді. Шағын құрамдағы отырыста келесі сессияаралық кезеңде ҰҚШҰ-ға  Қырғыз Республикасының төрағалық ететіні және бұл төрағалықтың басым бағыттары қандай екені айтылды.