9 қараша күнгі ауа райы: қар аралас жаңбыр мен күшті жел

«Қазгидрометтің» хабарлауынша, 9 қараша күні Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады. Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты жаңбыр, қар жауады, шығыстың кей жерлерінде жауын-шашын мол түседі. Кей жерлерінде екпінді жел тұрып, бұрқасын соғады, тұман түсіп, көктайғақ болады.

Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарының кей жерлерінде тұман түседі, көктайғақ болады, бұрқасын соғады, өңірлердің басым бөлігінде 15-20 м/с жел соғады, кей жерлерде жел екпіні секундына 23-28 метрге жетеді. Қарағанды, Қостанай облыстарының кей жерлерінде тұман түседі, бұрқасын соғады, жел секундына 15-20 метрге дейін күшейеді, Қостанай облысының кей жерлерінде көктайғақ болуы мүмкін.

Ақмола облысының кей жерлерінде көктайғақ болады, бұрқасын соғады, кей жерлерде 15-20 м/с жел тұрады, түнде жел екпіні секундына 25 метрге дейін күшейеді. Алматы облысының кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ болады. Қызылорда, Жамбыл облыстарында кей жерлерде 15-20 м/с жел тұрады, тұман түсуі мүмкін.

Батыс Қазақстан, Түркістан облыстарының кей жерлерінде тұман түседі. Ақмола, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында қолайсыз ауа райына байланысты ескерту жарияланды.